26 мамырда Астана қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Әділбай Серік Тәукеұлының қатысуымен брифинг өтті, оның барысында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шараларды өткізу және жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы ақпарат ұсынылды.
Балаларды қорғау күні – бұл қуаныш, күлкі және бақытты балалық шақтың ерекше мерекесі.
Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында Астана қаласында 25 мамыр мен 3 маусым аралығында балаларды қолдауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, инклюзивті ортаны дамытуға және қауіпсіз әрі мазмұнды жазғы демалысты ұйымдастыруға бағытталған 100-ге жуық іс-шара өткізіледі.
Іс-шаралар бағдарламасы тақырыптық және жас ерекшеліктеріне сәйкес блоктарға бөлінген.
Бірінші блок – «БЕСІК ӘЛЕМІ», 0-3 жас аралығындағы балаларға арналған. Ең кішкентай қала тұрғындары үшін отбасылық және дамытушы іс-шаралар өтеді.
1 маусымда Президент саябағында «Шапшаң бөбек» атты еңбектеп жүгіру жарысы ұйымдастырылады.
26 мамырда алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында «Балаға қамқорлық – ұлтқа қамқорлық» атты Ашық есік күні өтіп, балаларға медициналық тексеру мен мамандар кеңесі беріледі.
Екінші блок – «БАЛАПАН ӘЛЕМІ», 3-6 жас аралығындағы балаларға арналған.
1 маусымда Есіл өзенінің жағалауындағы Амфитеатрда отандық және шетелдік әртістер қатысатын Халықаралық клоундар фестивалі өтеді.
Елордалық балабақшаларда «Біз бақытты балдырған» челленджі басталады, сондай-ақ «ART-FEST: Балалық шақ бояулары» open air іс-шаралары, «Super Мама & Super Папа» отбасылық спорттық ойындары және қауіпсіздік бойынша білім беру тренингтері ұйымдастырылады.
Сонымен қатар ашық аспан астындағы интерактивті бағдарламалар мен асфальтқа сурет салу шаралары өткізіледі.
Қалалық емханаларда балаларға арналған профилактикалық стоматологиялық тексерулер өтеді.
Үшінші блок – «БІЛІМ МЕН АРМАН ӘЛЕМІ», 7-10 жас аралығындағы балаларға арналған.
Оқушылар үшін цирк, театр, мұражайларға бару, елорданың көрікті жерлеріне экскурсиялар және киносеанстар ұйымдастырылады.
1 маусымнан бастап қала бойынша мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастайды.
Қалалық алаңда балалар музыка мектептерінің қатысуымен «Балалық шақ» атты концерттік бағдарлама өтеді.
Төртінші блок – «ЖАС ӨРКЕН», 11-14 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған.
29 мамырда «Жасыл ел» жазғы еңбек маусымының салтанатты ашылуы өтеді.
М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы алаңында «Bala energy» Open-air фестивалі ұйымдастырылады.
Сонымен қатар «Мейірімділік шуағы» әлеуметтік-инклюзивті акциясы, «Ethno Games АрқаLan» ұлттық ойындар фестивалі, «Халық добы» бұқаралық спорт ойындары өтеді.
25-31 мамыр аралығында Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті балаларға арналған экскурсиялар мен құтқарушылармен кездесулер өткізеді.
Бесінші блок – «БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ», 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған.
Қалада «Astana FIDA Drone Soccer Championship» халықаралық дрон-футбол чемпионаты өтеді.
1 маусымда «QosymshaFest» фестивалі ұйымдастырылады.
Жастар үшін киберқауіпсіздік бойынша мастер-класстар, сондай-ақ депутаттармен, мемлекеттік органдар басшыларымен және қоғамдық қайраткерлермен «Бала үні» жобасы аясында кездесулер өтеді.
Жеке блок – «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ», отбасылық құндылықтарды қолдауға бағытталған.
Қала алаңдары мен саябақтарында «Экомамафест 2026», «БөпеFair» және «Bala Fest» отбасылық фестивальдері өтеді.
1 маусымда «Мереке» саябағында жас отбасыларға арналған «Отбасы – бақыт мекені» кескіндеме мастер-классы ұйымдастырылады.
Сондай-ақ бірқатар мекенжайлар бойынша күрделі жөндеуден кейін балалар аулаларын ашу жоспарланған.
Балалардың қауіпсіздігі мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Қала бойынша барлық аудандарда «Қауіпсіз аула» акциясы және «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.
Құрметті ата-аналар мен қала тұрғындары!
Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шараларға сіздерді және балаларыңызды қатысуға шақырамыз.
Іс-шаралардың нақты кестесі ресми қалалық ресурстарда жарияланады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/balaqorgau-astana/press/news/details/1235907?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау