ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ҮЗДІКСІЗ БЕРІЛУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен мәжілісте тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері және осы бағыттағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Түркістан қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Болат Сәтбаев баяндама жасады. Сонымен қатар, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түркістан қалалық электр желілерінің басшысы Әділбек Мүтәліұлы атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер жөнінде есеп берді.
Мәжілісте 2023–2027 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың орындалу барысына ерекше назар аударылды. Аталған бағдарламаға сәйкес «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан жалпы саны 17 трансформаторды ауыстыру және 56,2 шақырым электр желілерін жаңғырту көзделген.
Бүгінгі таңда жоспар аясында нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 2023–2024 жылдары 7 дана трансформатор ауыстырылып, 23 шақырым электр желісі жаңартылған. Ал 2026 жылы 3 дана трансформаторды ауыстыру және 8,174 шақырым электр желілерін жаңарту жұмыстары орындалған.
Осыған байланысты қала әкімі 2027 жылға дейін жоспарланған көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырып, межеленген жұмыстардың орындалмау тәуекелдері бар-жоғын нақтылауды және олардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.
Мәжіліс барысында электр энергиясының жиі үзілуі тіркелетін аумақтар бойынша да нақты мәліметтер ұсынылды. Осыған орай, әрбір проблемалық учаске бойынша кезең-кезеңімен іске асырылатын нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Атап айтқанда, тозығы жеткен электр сымдарын ауыстыру, жөндеу жұмыстарын күшейту, электр жүктемесін қайта бөлу, релелік қорғаныс жүйелерін орнату және өзге де техникалық шешімдерді жүйелі түрде жүзеге асыру міндеттелді.
Сондай-ақ, табиғи құбылыстар кезінде электр энергиясының үзілу фактілері жүйелі сипат алып отырғаны айтылды. Қала әкімі мұндай жағдайлар инженерлік инфрақұрылымның табиғи факторларға төзімділігінің жеткіліксіздігін, алдын алу шаралары мен жоспарлы тексерулердің әлсіздігін көрсететінін атап өтті. Ерекше мәртебеге ие Түркістан қаласында мұндай жағдайлардың қалыпты құбылысқа айналуына жол берілмеуі тиіс екенін баса айтты.
Жиынды қорытындылаған Әзімбек Пазылбекұлы барлық берілген тапсырмалардың орындалуы өзінің жеке бақылауында болатынын ескертіп, жауапты мекемелер тарапынан формализмге, салғырттыққа және баяу әрекет етуге жол берілмейтінін қатаң түрде жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1238215?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version