2026 жылғы 12 маусымда Павлодар облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Ақсу қаласының қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына жұмыс сапарымен барды.
Сапардың мақсаты – арнаулы әлеуметтік қызметтер алушылардың құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу, тұру жағдайларын, күтім сапасын бағалау, сондай-ақ егде жастағы азаматтар мен мүгедектігі бар адамдар үшін көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен толықтығын қамтамасыз ету мәселелерін зерделеу болды.
Бару барысында мекеменің жобалық қуаты 240 төсек-орынды құрайтыны анықталды. Сапар кезінде орталықта 222 қызмет алушы болған. Мекеме құрылымында мамандандырылған медициналық және әлеуметтік қолдауды қажет ететін 69 пациент орналасқан паллиативтік бөлімше жұмыс істейді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі орталықтың материалдық-техникалық жағдайымен, қызмет алушылардың тұрмыс жағдайларымен, тамақтандыруды, медициналық және әлеуметтік қызмет көрсетуді ұйымдастыру мәселелерімен танысты. Қызмет алушылардың құқықтары мен қадір-қасиетінің сақталуына, сондай-ақ олардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда болуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Бару қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар жолданатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-pavlodar-oblysy/press/news/details/1240876?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау