Теміржол вокзалдарын жаңғырту барысы мен көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Баяндама жасаған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, өңірде жеті теміржол вокзалы жаңартылып жатыр. Тапсырыс беруші — «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ.
Өңір басшысы бұл мәселе биылғы жылдың наурыз айында да аппараттық кеңесте қаралғанын атап өтті.
Бүгінде Ақтөбе, Шалқар және Шұбарқұдық вокзалдарындағы жұмыстар аяқталуға жақын. Ал Қандыағаш, Жем, Алға және Қарауылкелді нысандарында жұмыстарды жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес жеделдету қажеттігі сақталып отыр.
Жиын барысында Асхат Шахаров құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйымдардың өкілдерін тыңдады. Өңір басшысы мердігерлерге қаржы бөлінгенін, жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленіп, келісілгенін, сондықтан жұмыстардың қарқынын төмендетуге ешқандай себеп жоқ екенін сөз етті.
«Бұл – өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық нысандар. Вокзал – облысқа келген тұрғындар мен қонақтардың бірінші көретін орны. Олардың жай-күйі елді мекендердің келбетіне және өңірдің имиджіне тікелей әсер етеді. Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырамын. Жауапты барлық құрылымдар құрылыс барысына бақылауды күшейтіп, нысандарды уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуі тиіс», – деді облыс әкімі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga-karaagash/press/news/details/1241409?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау