Медицина қызметкері күні қарсаңында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет пен денсаулық сақтау саласына саналы ғұмырын арнаған, өз ісінің білікті маманы Мухамеджанова Гүлжан Сабыржанқызын ерекше құрметпен атап өтеміз.
Гүлжан Сабыржанқызы 1957 жылғы 15 шілдеде Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 1979 жылы Қарағанды медициналық училищесін тәмамдап, еңбек жолын Шет аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында эпидемиолог көмекшісі ретінде бастады. Осы уақыттан бері оның бүкіл еңбек жолы халық денсаулығын сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісімен тығыз байланысты.
2004 жылы мемлекеттік қызметке қабылданып, санитариялық қадағалау бөлімінің маманы ретінде жұмысын жалғастырды. Өзінің мол тәжірибесімен, ұқыптылығымен және еңбекқорлығымен әріптестерінің арасында зор беделге ие болды.
2015 жылы зейнеткерлік жасқа толғанына қарамастан, қызметтен қол үзбей, Шет аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында еңбек жолын жалғастырып келеді. Бұл – оның таңдаған мамандығына деген адалдығының, ел игілігі жолындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Гүлжан Сабыржанқызы 45 жылдан астам уақыт ішінде сан мыңдаған адамның денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды жұмыстарға қатысып, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дамуына елеулі үлес қосты. Оның кәсіби білімі, бай тәжірибесі мен адамгершілік қасиеттері жас мамандарға әрдайым үлгі болып келеді.
Ардақты Гүлжан Сабыржанқызы!
Сізді Медицина қызметкері күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Деніңізге зор саулық, отбасыңызға амандық, шаңырағыңызға бақ-береке тілейміз. Еңбегіңіздің жемісін көріп, әрдайым елдің құрметіне бөлене беріңіз. Сізге ұзақ ғұмыр, көтеріңкі көңіл-күй және толайым табыс тілейміз!
Ел денсаулығын қорғау жолындағы өлшеусіз еңбегіңіз бен адал қызметіңіз үшін алғысымыз шексіз!
#МеніңСүйіктіДәрігерім
#МедицинаҚызметкерлеріКүні
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1240460?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау