Көкшетаулық егіздер Ұлттық ұлан қатарында бірге қызмет атқаруда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөліміне жас сарбаздардың жаңа легі келіп қосылды. Олардың қатарында ағайынды егіздер Константин Судя мен Федор Судя да бар. Олар мерзімді әскери қызметті бірге өтеп, азаматтық борыштарын қатар орындауға саналы түрде шешім қабылдаған.

     Ағайындылар 2007 жылғы 2 маусымда дүниеге келген. Бала кезден бір-бірінен ажырамаған егіздер Ақкөл қаласындағы орта мектепте білім алып, кейін Көкшетау колледжінде “Ауыл шаруашылығын механикаландыру” мамандығы бойынша оқыған.

     Судялар отбасында үш ұл тәрбиеленген. Алайда әскери қызметке тек Константин мен Федор шақырылған. Үлкен ағалары денсаулық жағдайына байланысты үйде қалған. Соған қарамастан, егіздер ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне өз үлестерін қосуға бел буып, әскер қатарына бірге аттанған.

     Қазіргі таңда жас сарбаздар алғашқы әскери даярлық курсынан өтіп, әскери өмірге бейімделу кезеңін бастан кешіруде. Олар әскери тәртіптің негіздерін меңгеріп, жалпы әскери жарғыларды оқып-үйренуде, дене даярлықтарын шыңдап, қару-жарақпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруда. Тәжірибелі офицерлер мен сержанттардың жетекшілігімен әскери қызметке қажетті білім мен машықтарды игеріп жатыр.

     Константин мен Федордың айтуынша, әскери қызмет – әрбір жас азаматтың өміріндегі маңызды белес. Ол жауапкершілікті арттырып, тәртіпке баулиды және мінезді шыңдайды. Қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін ағайындылар “Сарбаз 2.0” білім беру бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл жоба әскери қызмет барысында үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік береді.

     Алда жас сарбаздарды әскери ант қабылдау, әскери мамандықтарды меңгеру және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қызметтік-жауынгерлік міндеттер күтіп тұр.

     Ағайындылардың бұл таңдауы – отбасылық бірліктің, өзара қолдаудың және Отан алдындағы азаматтық борышты адал орындауға деген жауапты көзқарастың жарқын көрінісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1240564?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version