Қазақстан мен Грузия: мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы әріптестік

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Грузияның Әділет үйі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін дамытуға және халықпен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат тараптардың тәжірибе алмасуға және азаматтардың заманауи сұраныстарына сай тиімді шешімдерді бірлесіп әзірлеуге деген ниетін айқындайды.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ұйымдастырудағы үздік тәжірибелермен алмасу, жасанды интеллект технологияларын, роботтандыру және процестерді автоматтандыру құралдарын пайдалану арқылы цифрлық қызметтерді дамыту көзделген. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасының заманауи стандарттарын енгізу арқылы клиенттік тәжірибені жетілдіруге ерекше назар аударылады.

«Жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерді уақытында меңгеру өте маңызды. Біздің мақсатымыз – тек озық тәжірибемен танысу ғана емес, олардың ішіндегі ең тиімдісін таңдап, Қазақстан азаматтарының қажеттіліктеріне бейімдеу. Сонымен қатар бұл – өзара тиімді серіктестік. Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген елдердің бірі. Сондықтан біз халықаралық тәжірибені үйреніп қана қоймай, өз жетістіктерімізбен де бөлісуге дайынбыз», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Меморандум кадрлық әлеуетті дамыту саласындағы ынтымақтастықты да қамтиды. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды, сондай-ақ тағылымдамалар мен оқыту іс-шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар өзара қызығушылық тудыратын ғылыми-зерттеу және талдамалық жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.

«Бұл сапар біз үшін ерекше маңызға ие. Себебі ол жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен практикалық шешімдермен алмасуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңін бастап, жүйелі әріптестіктің негізін қалайды», – деп атап өтті Вахтанг Жвания.

Айта кетейік, екі күндік сапар аясында қазақстандық делегация Грузияның Әділет үйінде болып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен, қолданыстағы цифрлық шешімдермен және клиенттер ағынын басқару жүйесімен танысты. Сондай-ақ Грузия Ішкі істер министрлігінің Сервистік агенттігі мен Грузия Әділет оқу орталығында кездесулер өткізіліп, тараптар алдағы ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-aksu-arasan/press/news/details/1241066?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version