Қызылорда облысының полицейлері тұрғындарды интернет-алаяқтардың арбауына түспеуге шақырып, алаяқтық қылмыстарының алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Осы мақсатта Қызылорда облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы ақпарат беріп, арнайы жадынамалар таратты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігінде жиі кездесетін алаяқтық әрекеттердің алдын алу және тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақыру.
Бүгінде интернет-алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді пайдаланып, азаматтардың қаражатын заңсыз иемденуге әрекет жасауда. Қылмыскерлер әлеуметтік желілерге жалған хабарландырулар орналастырып, интернет арқылы сауда жасау мен қызмет көрсету сылтауымен алдап соғуда. Сондай-ақ жоғары табысқа кенелуге уәде беретін жалған инвестициялық жобалар мен мессенджерлер арқылы жіберілетін күмәнді сілтемелер де кеңінен қолданылуда.
Интернет-алаяқтық қылмыстарын анықтау мен ашу бағытындағы жұмысты күшейту мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен тергеу және криминалдық полиция бөліністерінің тәжірибелі қызметкерлерінен құралған тұрақты «Киберпол» жедел-тергеу тобы жұмыс жасауда.
Полицейлер азаматтарға жеке деректерін, банк карталарының реквизиттерін, SMS-кодтарын бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және қаржылық операциялар жасау кезінде мұқият болуға кеңес береді.
Сақтық – интернет-алаяқтардың құрбаны болмаудың басты кепілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1241529?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау