Жыланды ауылында ел игілігіне бағытталған кезекті игі іс жүзеге асырылды. Ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосып, ауыл аумағына 4 дана заманауи LED экран орнатуға демеушілік көрсеткен ауыл азаматтары Оспанов Бауыржан және Серік ағаларымызға ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысымызды білдіреміз.
Бүгінде орнатылған LED экрандар арқылы ауыл тұрғындары маңызды ақпараттармен, мерекелік құттықтаулармен және қоғамдық маңызы бар хабарландырулармен жедел таныса алады. Бұл жоба ауылдың ақпараттық кеңістігін жаңғыртып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Туған жердің дамуына жанашырлық танытып, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға атсалысу – үлкен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Осындай игі бастамалар ауылымыздың ажарын арттырып қана қоймай, тұрғындардың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға да ықпал етеді.
Елдің ертеңіне бейжай қарамай, туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Бұл игі іс ауыл тұрғындары үшін маңызды тарту болып, кейінгі ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Қайырымды істеріңіз бен қолдауларыңыз үшін зор ризашылығымызды білдіре отырып, өздеріңізге және отбасыларыңызға зор денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілейміз. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, абырой-беделдеріңіз арта берсін!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol-zhylandy/press/news/details/1241494?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау