Мемлекет басшысының Алатау қаласын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегация Шэньчжэнь қаласында (Қытай Халық Республикасы) өткен «Alatau City Roadshow» халықаралық форумына қатысты. Делегация құрамында ҚР Көлік министрлігінен вице-министр Талғат Ластаевта барды.
Аталған іс-шара аясында Талғат Ластаев «Alatau City» логистикалық және көліктік байланысы» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның көлік-логистика саласын дамытудың стратегиялық бағыттарына және жаңа Алатау қаласының халықаралық маңызы бар болашақ көлік хабы ретіндегі әлеуетіне ерекше назар аударды.
Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын стратегиялық көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан Қазақстан Еуразиядағы аса маңызды транзиттік торап ретіндегі рөлін одан әрі күшейтіп келеді. Еліміздің аумағы арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі өтеді, ал 2025 жылы транзиттік тасымал көлемі өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға артып, 39 млн тоннаға жетті.
Қазіргі уақытта ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда: ұзындығы 800 шақырым болатын жаңа теміржол желілерінің құрылысы, 2,6 мың шақырымнан астам теміржолды жаңғырту, сондай-ақ ұзындығы 3,3 мың шақырымнан асатын автомобиль транзит дәліздерін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, шекарааралық тасымалды жеңілдететін цифрлық шешімдер енгізілуде.
Алатау қаласын дамыту тұжырымдамасы терминалдық инфрақұрылыммен және индустриялық паркпен қамтылған заманауи көлік-логистикалық хаб қалыптастыруды, теміржол желісін кеңейтуді, сондай-ақ қаланың халықаралық көлік дәліздері жүйесіне тиімді интеграциялануын қарастырады.
Сондай-ақ, шара барысында авиация саласын дамыту және инновациялық көлік технологияларын енгізу, соның ішінде қалалық әуе мобильділігі, ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен тасымалдауды басқарудың цифрлық платформалары бойынша бастамалар ұсынылды.
Көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту және инновациялық технологияларды енгізу «Alatau City» қаласының заманауи халықаралық көліктік-логистикалық орталық ретінде қалыптасуына негіз болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1240919?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау