Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасында Ашық есік күні ұйымдастырылып, жастармен кездесу өтті. Іс-шара барысында өңірде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту, еріктілік қызметті қолдау және отбасы құндылықтарын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, NEET санатындағы жастармен жұмысты күшейту, сапалы білім алуға қолжетімділікті арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, жастар арасында құқық бұзушылықтың, лудоманияның, ерте жүктілік пен суицидтің, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Іс-шара аясында жастарды қолдауға бағытталған «Әулиеата жастары», «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Әулиеата үздігі» жобаларының жүзеге асырылу нәтижелері таныстырылды. Қатысушылар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.
Ашық диалог форматында өткен кездесу жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оларды мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жұмыстарына тартуға мүмкіндік берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1241482?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау