12 маусым – Балалар еңбегіне қарсы дүниежүзілік күрес күні. Бұл күн бүкіл әлемде оқудың орнына еңбек етуге мәжбүр болып жүрген миллиондаған балалардың мәселесіне қоғам назарын аударуға бағытталған. Әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жасөспірімдер елімізде де бар. Кәмелетке толмағандардың еңбек етуі қаншалықты заңды және бұл ретте қандай талаптар сақталуы тиіс?
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шартын жасасуға он алты жасқа толған азаматтарға рұқсат етіледі. Негізгі орта білім алған он бес жасқа толған азаматтармен де еңбек шарты жасалуы мүмкін. Сонымен қатар, он төрт жасқа толған оқушыларға ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімімен оқудан бос уақытында жеңіл жұмыстарды орындауға рұқсат беріледі.
Бұл ретте кәмелетке толмаған қызметкерлер үшін қосымша кепілдіктер көзделген. Оларды ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды немесе қауіпті жұмыстарға тартуға, сондай-ақ түнгі уақытта, үстеме жұмысқа, демалыс және мереке күндері жұмысқа жіберуге жол берілмейді. Кәмелетке толмағандар үшін жұмыс уақытының ұзақтығы да ересек қызметкерлермен салыстырғанда қысқартылған.
Балалар мен жасөспірімдердің еңбек құқықтарын сақтау – мемлекеттің, жұмыс берушілердің және жалпы қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Әрбір бала сапалы білім алуға, жан-жақты дамуға және қанаудың кез келген түрінен, сондай-ақ мәжбүрлі еңбектен қорғалуға тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-inspection/press/news/details/1242089?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау