Әр минут маңызды болды: Өскемендік полицейлер жоғалған үш жасар баланы аман-есен тапты
17 маусым күні сағат 17:19-да «102» жедел арнасына Өскемен қаласының тұрғынынан үш жасар немересінің жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.
Өтініш иесінің айтуынша, бала үй ауласында оның қарауында ойнап жүрген, алайда бір сәтте байқаусызда белгісіз бағытқа кетіп қалған. Өз бетімен іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң, әйел адам полициядан көмек сұраған.
Хабарлама түскен бойда полицияның жеке құрамы баланы іздеуге бағытталды. Іздестіру іс-шараларына «Буран-20» экипажы – полиция аға лейтенанты Бақытбек Айдын мен қатардағы қызметкер Азат Әшімов дереу кіріскен.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында бала үйінен шамамен бір жарым шақырым жерден табылған. Бақытымызға орай, бала зардап шекпеген және медициналық көмекті қажет етпеді.
Барлық жағдай анықталғаннан кейін бала аман-есен туыстарына қайтарылды. Әжесі тәртіп сақшыларының кәсібилігі, жеделдігі мен көрсеткен жанашырлықтары үшін шынайы алғысын білдірді.
Полиция ата-аналар мен заңды өкілдеріне жас балаларды үнемі бақылауда ұстау қажеттігін еске салады. Тіпті, қысқа мерзімге қараусыз қалдырудың өзі қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1242865?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау