Елордада Қазақстан темір жолдарының музейі өз жұмысын бастады. Бұл – еліміздегі теміржол саласының бай тарихы мен дамуына арналған заманауи мәдени-ағартушылық кеңістік.
Жаңа туристік нысанмен танысу мақсатында музейге Astana Tourism өкілдері де барды. Олар экспозициялармен, интерактивті аймақтармен және музейдің мүмкіндіктерімен танысып, оның елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартымды орынға айналу әлеуетін атап өтті.
Музей тарихи мұра мен заманауи технологияларды біріктірген. Жалпы аумағы 3200 шаршы метрді құрайтын нысанда Қазақстан темір жолдарының қалыптасу кезеңдерін баяндайтын төрт тақырыптық зал орналасқан. Экспозиция құрамында 250-ден астам тарихи жәдігер, түпнұсқа локомотивтер, теміржол техникасының ауқымды макеттері, сондай-ақ интерактивті панельдер, мультимедиялық экрандар, AR және VR технологиялары бар.
Музейдің ерекшеліктерінің бірі – локомотив кабиналарына кіріп, машинистің жұмысымен жақыннан танысу мүмкіндігі. Сонымен қатар, келушілер үшін тақырыптық көрмелер, білім беру бағдарламалары, экскурсиялар, дәрістер және кәсіби бағдар беру іс-шаралары ұйымдастырылады.
Музей аумағында кофехана, кәдесыйлар дүкені, балалар ойын алаңы және мәдени іс-шаралар мен фототүсірілімдер өткізуге арналған бірегей вагон-мейрамхана жұмыс істейді.
Кіру құны:
ересектер билеті – 3 600 теңге;
балалар билеті – 2 200 теңге.
Қосымша ақпарат алу және экскурсияға жазылу үшін байланыс тел.:
+7 702 0000 934
Instagram: @museumrail_kz
Мекен-жайы: Мұхамеджан Тынышбайұлы көшесі, 8
Жұмыс кестесі: сейсенбі–жексенбі, сағат 10:00- 19:00
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1241733?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау