Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі №1247 Жарлығына сәйкес Атырау қаласы бойынша 53 көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларына ие болды.
Атырау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында өткен салтанатты жиында мемлекеттік наградаларды Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев табыстап, аналарды қала әкімі Шәкір Кейкінұлының атынан құттықтады.
— Ардақты аналар! Бүгін баршамыз үшін ерекше күн! Мемлекетіміз ана мен баланы қорғау, көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы бастамалар Атырау қаласында да табысты жүзеге асырылып, аналардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» демекші, сіздер – жанұяның ұйытқысы ғана емес, мемлекеттің алтын діңгегісіздер. Өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, еліміздің демографиялық өсіміне қосып отырған зор үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз еліміздің нағыз патриоты боларына сеніміміз мол. Баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға береке-бірлік тілеймін!, — деп ақ тілегін арнаған Айбек Сарсенбайұлы аяулы аналарға гүл шоқтарын ұсынды.
Салтанатты жиында наградталған аналар көрсетілген құрметке зор ризашылығын білдірді. Өнерпаздар әсерлі ән әуелетіп, шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-atyrau/press/news/details/1241812?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау