АУДАННЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ САРАЛАНЫП, НАҚТЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық тұрақтылығына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралып, аудан әкімінің салалық орынбасарлары мен бөлім басшылары атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Алдағы жоспарлармен таныстырып, міндеттерді айқындады.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі ретінде қаралған аудандағы этносаралық қатынастардың жай-күйі бойынша баяндама жасаған «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалының басшысы Данияр Мырзамұратов қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Профилактикалық іс-шаралар, ықтимал тәуекелдердің алдын алу және түрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту шаралары бойынша кеңінен мәлімет берді.
Ал, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаев мемлекеттік сатып алу жоспарларының орындалуы мен бюджеттік бағдарламалардың іске асырылу деңгейіне, бюджет қаржысының игерілу көрсеткіштеріне, жоспарлардың уақытылы әрі сапалы орындалу тетіктеріне тоқталды.
Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалар мен вегетациялық кезеңде ағын су тапшылығының алдын алу, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларындағы өзекті мәселелер, алдағы міндеттер туралы, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар, аудан аумағындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының деңгейі, тұрғындар тарапынан көтерілген коммуналдық және жол салаларына қатысты мәселелерді шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы аудан әкімінің орынбасарлары ақпарат берді.
Одан бөлек, жаз мезгіліндегі жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен суға шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастар арасында мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру, мектеп жасындағы балаларды жазғы лагерьлермен қамту және әскерге шақыру жұмыстары жөнінде мәлімет берген жауапты сала басшылары бірқатар маңызды мәселелерді де талқыға салды.
Жиын барысында жасалған баяндамалар жан-жақты талқыланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Аудан әкімі әрбір сала бойынша тиісті басшыларға нақты тапсырмалар жүктеп, атқарылатын жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1242732?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау