«Туған күніңізбен анашым!» /драма/
Авторы: Әлішер Рахат
Режиссері: Назым Өтеулинова
Қоюшы суретші: Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Шалабаева
Премьера күні: 17-18 маусым, сағат 19:00.
Бикен Римова атындағы академиялық драма театры өзінің мерейлі 50-ші театр маусымының аяқталуы қарсаңында қоғамның ең өзекті мәселесін арқау еткен қорытынды премьерасын ұсынады.
«Туған күніңізбен, анашым!» қойылымы – ана мен бала арасындағы үзілмес байланысты, отбасылық құндылықтар мен адам өмірінің күрделі рухани сәттерін арқау еткен терең мағыналы туынды. Спектакль қазіргі қоғамдағы ең басты тұлға – ананың орны мен оның шексіз махаббатының қадір-қасиетін ұғындыруды көздейді.
Оқиға желісі аналарының туған күніне ортақ сыйлық – үлкен үстел сыйламақ болған ағайынды үш жігіттің төңірегінде өрбиді. Үстелді құрап біте берген сәтте, оның бір аяғы жетпей тұрғаны белгілі болады. Алайда, ағайынды үшеудің арасында көптен бері іште бұғып, айтылмай келген өкпе-наз бен реніштің сыртқа шығуына түрткі болған бұл құр үстелдің бөлшегі емес, шаңырақтағы бірліктің шайқала бастағаны еді. Спектакль барысында бауырлар бастан кешкен ішкі арпалыс, реніштер мен кешірімдер арқылы көрерменге бауыр мен отбасының шынайы қадірін көрсетеді.
Қойылымда көтерілген отбасылық мәселелер мен шынайы өмірлік жағдайлар бүгінгі кез келген қазақ шаңырағының ішкі тынысымен үндес келеді. Драмалық шиеленіске толы туынды әрбір көрерменнің жүрегіне жол тауып, отбасылық бірлік туралы терең ой салары анық.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1241818?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау