Болашақ бүгіннен басталады: Зайсан ауданында жас азаматтарға алғашқы жеке куәліктер табысталды
Зайсан қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында 16 жасқа толған жас азаматтарға жеке куәлік табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Бұл күн жасөспірімдер үшін ересек өмірге қадам басып, азаматтық жауапкершілікті сезінетін маңызды сәт болды.
Бұл күні ерекше құрметке бөленген екі бозбаланың қуанышы еселене түсті: Бақытбеков Аманжан Русланұлы мен Ерзатов Ильяс Алмасұлы.
Спорт шеберіне үміткер Ильяс үшін бұл құжат — спорттық жаңа белестерге, үлкен жеңістерге бастайтын алғашқы қадам. Оның спорт алаңындағы табандылығы мен тәртібі замандастарына үлгі.
Ал Аманжан болса — өмірлік қиындықтарға қарамастан, қайсар мінезімен және өмірге деген құштарлығымен көпшілікке үлгі болып жүрген жас азамат. Оның әрбір қадамы — рухы мықты адам үшін ешқандай кедергінің жоқ екенін дәлелдейді.
Салтанатты рәсімде құжаттарды көші-қон қызметінің өкілдері және Зайсан ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Елеуов Дархан Ақылбайұлы табыстады. Жас азаматтарға сөз арнаған Дархан Ақылбайұлы:
«Бұл – жай ғана құжат емес, сіздердің ересек өмірге жасаған алғашқы сенімді қадамдарыңыз. Біз сіздердей мақсатшыл, елінің ертеңіне бейжай қарамайтын жастардың өсіп келе жатқанын мақтан тұтамыз. Оқуда және бастамаларыңызда әрдайым сәттілік тілейміз»,— деп атап өтті.
Полиция қызметкерлері жастарға ізгі ниеттерін білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1242515?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау