Бүгін Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Дәстүр сабақтастығы – мәдениеттің кепілі» атты танымдық-мәдени шара өтті.
Тағылымы мол іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Ақтаев және қала әкімі Мақсат Жұмабаев қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Концерттік бағдарлама барысында халқымыздың бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды. Атап айтқанда, айтыс өнері, сүйінші сұрау, беташар, құрсақ шашу, ақтық байлау, азан шақырып ат қою, айдар тағу, тұсау кесу және «жақсының орнына жартысын беру» секілді халқымыздың тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрыптары сахналық көріністер арқылы көрермен назарына ұсынылды.
Шараның әсерлі сәттерінің бірі – тұсау кесу рәсімі болды. Рәсімге аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы арнайы қатысып, бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Өз сөзінде ол ұлттық дәстүрлердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін атап өтіп, баланың болашағына ақ жол тілеп, елге қызмет ететін азамат болып өсуіне тілектестігін білдірді.
Ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны дәріптеуге бағытталған тағылымды шара көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1242849?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау