Жетісу полицейлері Полиция күні қарсаңында Бұрхан-бұлақты бағындырды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан полициясы күні қарсаңында Жетісу облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстандағы ең биік сарқырама – Бұрхан-бұлаққа жорық жасап, табиғаттың ғажайып туындысын бағындырды.

Бағыт Ескелді ауданының көркем өлкелері мен Жоңғар Алатауының асқақ таулары арқылы өтті. Бұрхан-бұлақ еліміздің табиғи жауһарларының бірі болып саналады. Төрт сатылы сарқыраманың жалпы биіктігі 168 метрге жетсе, көзге көрінетін бөлігі 114 метрді құрайды.

Күрделі соқпақтарды еңсере отырып, тәртіп сақшылары өздерінің жоғары дене дайындығын ғана емес, күнделікті қызметте аса маңызды саналатын төзімділік, өзара қолдау, жауапкершілік және біртұтас команда болып әрекет ету секілді қасиеттерін де айқын көрсетті.

Жорыққа қатысушылар межелі жерге жетіп, айбынды сарқыраманың етегінде ерлік пен табандылықтың, халыққа адал қызмет етудің символына айналған «Арлан» полиция спорт клубының туын көтерді.

Мұндай іс-шаралар қызметкерлер арасындағы ауызбіршілік пен командалық рухты нығайтып, мінездің беріктігін қалыптастырады. 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1242670?lang=ru

Exit mobile version