Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі жүкті әйелдерге, балалары бар әйелдерге және отбасылық міндеттері бар адамдарға қосымша кепілдіктер белгілейді. Бұл нормалар олардың құқықтарын қорғауға және еңбек қызметі мен отбасылық міндеттер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Жұмыстан шығарудан қорғау
Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты мынадай қызметкерлермен бұзылмайды:
-
жүкті әйелдермен;
-
үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен;
-
он төрт жасқа дейінгі баланы (немесе он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен;
-
аталған санаттағы балаларды анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдармен.
Ұйым таратылған, жұмыскердің біліктілігінің атқарып отырған лауазымына сәйкес келмеуі анықталған немесе жұмыскер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайлар ерекшелік болып табылады.
Мерзімді еңбек шарты
Егер мерзімді еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталатын күні жүкті әйел (жүктіліктің 12 және одан да көп аптасы болған жағдайда) медициналық қорытынды ұсынса, жұмыс беруші оның жазбаша өтініші бойынша еңбек шартының мерзімін бала үш жасқа толғанға дейін оны күту жөніндегі демалыс аяқталғанға дейін ұзартуға міндетті.
Жұмысқа тартуға қойылатын шектеулер
Жүкті әйелдерді:
-
түнгі уақыттағы жұмысқа;
-
үстеме жұмысқа;
-
демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа тартуға;
-
іссапарға жіберуге тыйым салынады.
Төмендегі қызметкерлерді аталған жұмыстарға тек жазбаша келісімімен тартуға болады:
-
Жеті жасқа дейінгі балалары бар әйелдер және жеті жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа да адамдар;
-
Отбасының науқас мүшелеріне күтім жасайтын немесе мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін жұмыскерлер (егер медициналық қорытынды бойынша тұрақты күтім қажет болса).
Баланы тамақтандыруға арналған үзілістер
Бір жарым жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, сондай-ақ осы жастағы балаларды анасыз тәрбиелеп отырған әкелерге әрбір үш сағат сайын баланы тамақтандыру үшін қосымша үзілістер беріледі:
Балалар саны: Үзіліс ұзақтығы
Бір бала кемінде 30 минут
Екі және одан көп бала кемінде 1 сағат
Бұл үзілістер жұмыс уақытына қосылады және төленеді. Жұмыскердің өтініші бойынша олар түскі үзіліске қосылуы немесе жұмыс күнінің басында не соңында берілуі мүмкін.
Толық емес жұмыс уақыты режимі
Жұмыс беруші мына адамдардың жазбаша өтініші бойынша толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті:
-
жүкті әйелге;
-
үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың біріне;
-
медициналық қорытынды негізінде отбасының науқас мүшесіне күтім жасайтын жұмыскерге.
Жеңіл жұмысқа ауыстыру
Медициналық қорытынды негізінде жұмыс беруші жүкті әйелді зиянды өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа орташа жалақысын сақтай отырып ауыстыруға міндетті. Мұндай жұмыс берілгенге дейін ол орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан босатылады.
Демалыстар
Жүктілікке және босануға байланысты демалыс:
-
босанғанға дейін – 70 күнтізбелік күнге;
-
босанғаннан кейін – 56 күнтізбелік күнге (асқынған босану немесе екі және одан көп бала туған жағдайда – 70 күнтізбелік күнге) беріледі.
Жалақы сақталмайтын бала күтімі жөніндегі демалыс бала үш жасқа толғанға дейін беріледі. Бұл демалысты анасы, әкесі, басқа туысы немесе баланы нақты тәрбиелеп отырған қамқоршысы пайдалана алады. Демалыс кезеңінде жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы әйелдің қалауы бойынша жүктілікке және босануға байланысты демалыстың алдында, одан кейін немесе бала күтімі жөніндегі демалыс аяқталған соң беріледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau-enbek/press/news/details/1243976?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау