Полиция қызметі тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмыспен күресуден ғана тұрмайды. Көп жағдайда дәл полиция қызметкерлері шұғыл көмекке, қолдауға және жанашырлыққа мұқтаж адамға алғаш болып жетеді.
Жуырда полицияға алаңдатарлық хабарлама келіп түсті: небәрі 20 жастағы жас жігіт сегізінші қабатта тұрып, өз өміріне қауіп төндіретін ойланбай жасалатын қадамға бармақ болған.
Оқиға орнына жедел жеткен полицияның аға лейтенанттары Дулат Мақсатов пен Батыржан Әбілқан жоғары кәсібилікпен қатар, шынайы адамгершілік қасиеттерін де көрсетті. Олар жас жігітпен тіл табысып, оған қолдау білдіріп, сабырға шақырып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Полицейлердің сауатты, батыл әрі дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында орны толмас қасіретке жол берілген жоқ. Медициналық қызметкерлер келгенге дейін тәртіп сақшылары жас жігіттің жанынан табылып, оған қажетті психологиялық қолдау көрсетіп, жағдайды толық бақылауда ұстады.
Жедел жәрдем бригадасы келгеннен кейін азамат әрі қарай тексеруден өткізу және қажетті медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлерге тапсырылды.
Бұл оқиға полиция формасының артында кез келген сәтте қиын жағдайға тап болған адамға қол ұшын созуға дайын жандар тұрғанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Кейде дер кезінде айтылған бір ауыз сөз, көрсетілген қамқорлық пен бейжай қарамау адам өмірін сақтап қалуға себеп болады.
Полиция қызметкерлері күн сайын азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет етеді. Осындай оқиғалар олардың жұмысы тек заң талаптарын орындаумен шектелмейтінін, сонымен қатар адамгершілік, жанашырлық пен қамқорлыққа негізделетінін айқын көрсетеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1244195?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау