Бүгін Ақтөбе облысы әкімдігінің мәжіліс залында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Жиында өңір басшысы Асхат Шахаров медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы рөлі мен халық денсаулығын сақтаудағы өлшеусіз еңбегін атап өтті. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер мен алдағы жоспарларға тоқталып, бұл бағытқа мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
Облыс әкімі денсаулық сақтау мәселесіне Ата заң деңгейінде айрықша мән берілгенін атап өтіп, Мемлекет басшысының отандық медицинаны дамытуға бағытталған бастамаларына тоқталды.
«Кеше Президент Ақордада медицина қызметкерлерімен кездесуде: «Мемлекетіміздің мызғымас тірегі – жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді. Біз ұлт саулығы ұғымына алғаш рет кең ауқымда назар аудардық», – деді. Денсаулық сақтау саласы – қоғамның әл-ауқаты мен ел дамуының маңызды көрсеткіші. Мемлекет басшысының бастамасымен медицина саласын дамытуға, адам өмірін сақтауға, білікті кадрлар даярлауға және медицина ғылымын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Ақтөбе облысында да медициналық қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және мамандарды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр», – деді облыс әкімі.
Былтыр облыста 14 жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп, 10 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында үш ауданаралық орталықтандырылған аурухананы іске қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Заманауи медициналық техникалармен жабдықтау мәселесі де ерекше бақылауда. Соның дәлелі ретінде республика бойынша Батыс өңірде алғаш рет жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жабдықталған PACS жүйесі енгізіліп, тиімді жұмыс атқарып келеді. Сондай-ақ облыс орталығында қажеттілікті ескере отырып құрылған ауқымды Ахуалдық орталық өз жұмысын бастады.
Басты назардағы бағыттардың бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау. 2025 жылы облыс орталығында шалғай ауылдардан келетін аналарға арналған «Саламатты ана» пансионаты ашылды. Сонымен қатар балаларға мамандандырылған көмекті дамыту мақсатында Онкогематологиялық орталық ашу жұмыстары жүргізілуде.
Медицина қызметкерлерін қолдау мәселесі де әрдайым басты назарда. Жас мамандарды қолдау және салаға деген қызығушылықты арттыру мақсатында облыс әкімдігі жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарын бөліп келеді. Былтыр 50 грант бөлінсе, биыл да бұл жұмыс жалғасады.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы республикадағы үздік бестіктің қатарына енді. Бұл – әрбір медицина қызметкерінің қажырлы еңбегі мен кәсібіне деген адалдығының нәтижесі. Сіздерге халық денсаулығын қорғаудағы жанқиярлық еңбектеріңіз үшін шынайы алғыс білдіремін», – деді Асхат Шахаров.
Салтанатты жиында аймақ басшысы денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстады.
«Парасат» орденімен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры, дәрігер-уролог Олег Құрманғалиев марапатталды.
Ал «Құрмет» ордені денсаулық сақтау саласының ардагерлері Шампан Тұрышев пен Дастан Неталиевке табысталды.
Сондай-ақ «Еңбек ардагері», «Саланың дамуына қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгілерімен және Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен өңірдің тәжірибелі дәрігерлері, мейірбикелері, оқытушылары мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері марапатталды. Жалпы саны 51 адам түрлі марапаттарға ие болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1244061?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау