Газ баллон кез-келген сәтте жарылуы мүмкін еді”: Абай облысының полициясы батырларын ұмытпайды.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2024 жылғы 22 тамызда Бородулиха ауданының Камышен ауылдық округінде болған өрт оқиғасы тек төтенше жағдай ғана емес, сонымен бірге жедел әрекет пен азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі ретінде тіркелді.

Тыныш ауыл кешін кенеттен тұтанған от бұзып, жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы қосалқы құрылыстарды шарпыған. Сол сәтте үйде жалғыз болған кішкентай қыз түтінді бірінші байқап, еш кідірместен ата-анасына гараждың отқа оранғанын хабарлаған. Оның дер кезінде әрекет етуі жағдайдың ушығуына жол бермеген алғашқы маңызды қадам болды.

Оқиға туралы хабар алған үй иесінің анасы дереу жақын маңдағы полиция пунктіне жүгінеді. Сол сәтте кезекшілікте болған учаскелік полиция инспекторы Рашид Нұржанов пен полиция сержанты Әділ Қыдырманов бір минутты да жоғалтпай, оқиға орнына қарай бет алады.

Жол бойында жағдайдың маңыздылығын бағалаған инспектор Рашид Нұржанов былай деп атап өтті:

«Мұндай сәтте әр секунд шешуші рөл атқарады. Ең бастысы – адамдардың қауіпсіздігі», – деді ол кейінірек.

Оқиға орнына жетісімен инспектор шұғыл түрде өрт сөндіру қызметіне хабар беріп, өз әріптесімен бірге қолда бар құралдар арқылы жалынды тежеу жұмыстарын бастайды. Алайда жағдай күрделене түскен: үй иесінің айтуынша, гараж ішінде екі газ баллоны болған, бұл өрттің кез келген сәтте жарылысқа ұласу қаупін арттырды.

Осы қауіптің алдын алу мақсатында Рашид Нұржанов дереу эвакуация ұйымдастырып, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа шығарды. Бұл шешім кейіннен ықтимал қайғылы салдардың алдын алған негізгі фактор ретінде бағаланды.

Инспектор сол сәтті еске алып:

«Біз үшін ең маңыздысы – адамдардың амандығы болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етпей тұрып, бір қадам да артқа шегінуге болмайды»– деп атап өтті.

Өртті сөндіру жұмыстарына ауыл тұрғындары да белсенді араласып, су құю және өрт ошақтарын оқшаулау іс-шараларын бірлесіп жүргізді. Үйлесімді әрекеттің нәтижесінде жалын қысқа уақыт ішінде толық бақылауға алынып, өрт сөндірілді.

Нәтижесінде тек тұрғын үй ғана емес, көрші орналасқан қосалқы құрылыстар да сақталып қалды. Ең бастысы – адам шығыны мен ауыр зардаптардың алдын алу мүмкін болды.

Небәрі 24 жастағы полиция қызметкері бір үйді ғана құтқарып қоймай, айналасындағы адамдардың ба қауіпсіздігін өз мойнына ала білді.

Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің жұмысы тек құқықтық тәртіпті сақтау шеңберімен шектелмейтінін айқын дәлелдейді. Олар – төтенше жағдай кезінде алдыңғы шепте әрекет ететін, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауап беретін мамандар.

Қазіргі таңда Рашид Нұржанов Жол және техникалық инспекциясы тобының мемавтоинспекторы. Қаһарман қызметкер адамдарға қол ұшын созуды бір сәтке де тоқтатқан емес.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1243259?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version