Мойынқұм ауданында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мойынқұм аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған «Шипалы қол, мейірімді жүрек» атты салтанатты мерекелік жиын өтті. Денсаулық сақтау саласы мамандарының қажырлы еңбегіне құрмет көрсетілген шараға ауданның медицина қызметкерлері, сала ардагерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерекелік іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нурадинов медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолындағы жауапты қызметтеріне табыс тіледі.

– Денсаулық сақтау саласы – қоғамның ең маңызды әрі жауапты салаларының бірі. Ақ халатты абзал жандардың күнделікті еңбегі, кәсіби шеберлігі мен адам өміріне деген жанашырлығы әрдайым жоғары бағалауға лайық. Сіздерге халық денсаулығын нығайту жолындағы адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Салтанатты жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға және тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар медицина қызметкерлері аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік шарада аудандық мәслихат аппаратының басшысы Ұлан Әліпбеков те сөз сөйлеп, медицина қызметкерлеріне ізгі тілегін жеткізді. Ол сала мамандарының халық игілігі жолындағы еселі еңбегін атап өтіп, бірқатар қызметкерлерге аудандық мәслихаттың марапаттарын табыстады.

Шара барысында Мойынқұм аудандық ауруханасының бас дәрігері Бағлан Жүнісбек сөз сөйлеп, медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігіне жоғары баға берді. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерді өзінің Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықовтың Алғыс хатымен марапаттады.

Мерекелік жиын аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Әсем ән мен әсерлі шығармалар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің сәнін келтірді.

Ақ халатты абзал жандарға көрсетілген бұл құрмет – олардың халық денсаулығын сақтау жолындағы ерен еңбегі мен кәсіби адалдығына деген шынайы ризашылықтың көрінісі. Адам өміріне араша түсіп, азаматтардың саулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны әрдайым ерекше.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1244127?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version