Мұнайшы ауылының әкімі Әбутәліп Тәжібай есеп берді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мұнайшы ауылының әкімі Әбутәліп Тәжібай елді мекеннің 2026 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстары мен әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы ресми есеп берді. Жылдың алғашқы жартысында ауылдың инженерлік желілерін жаңғырту мен тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылғаны белгілі болды.

Баяндамада атап өткендей, жергілікті билік ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Есепті кезеңде Мұнайшы ауылы мен Жетібай станциясындағы шағын аудандарда тозығы жеткен 70 дана көше жарық шамы жаңасына ауыстырылды. Қазіргі уақытта ауыл бойынша тағы 65 шамға қажеттілік бар екені анықталып, бұл олқылықтарды жыл соңына дейін толықтай жою жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бұрын-соңды жарық жүрмеген Жаңақұрылыс-2 шағын ауданына 20 жаңа жарық шамы орнатылса, Салтанат шағын ауданында істен шыққан жер асты электр желісінің орнына 100 метр әуе желісі тартылып, нәтижесінде жол бойындағы 30 шам қайта іске қосылды.

Ауыл ішіндегі жол инфрақұрылымын ретке келтіру мақсатында Жаңақұрылыс-2, Ардагер, Бәйтерек, Мұрагер және Ақбөбек-1 шағын аудандарында жалпы ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын жолдарға асфальт қырындысы төселіп, грейдер жолдары салынды. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалған жоқ. Бәйтерек шағын ауданындағы 700 метрлік грейдер жолының негізін дайындау және тегістеу шаралары қызу жүріп жатыр, таяу арада оның бетіне де асфальт қырындысы төселеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, коммуналдық саланың іркіліссіз жұмыс істеуі де әкімдіктің тікелей бақылауында екенін атап өтті. Мәселен, Ақбөбек-2 шағын ауданындағы №140 жатақхананың жылу жүйесіндегі ақауды жою мақсатында 50 метр жылыту желісі жаңартылды. Ал Теміржолшы шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің кәріз жүйесіндегі олқылықтар қалпына келтіріліп, 100 метр кәріз құбыры мен 2 дана кәріз құдығы толық ауыстырылды.

Ауылдың ең маңызды стратегиялық міндеттердің бірі-халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Мұнайшы ауылында су сапасын арттыру үшін арнайы су резервуарына санитарлық талаптарға сай жоспарлы тазалау жұмыстары жүргізіліп, жүйенің қалыпты жұмысы қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, Жетібай және Мұнайшы ауылдарының 20 мыңнан астам тұрғынын сумен үздіксіз жабдықтау мақсатында «Еділ суын тазарту» өндірістік станциясына ауқымды күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осы жаңартулардың нәтижесінде кәсіпорын заманауи технологиялық қондырғылармен жарақтандырылып, сағатына 260-300 текше метр су айдайтын жаңа модульдік сорғы станциялары іске қосылды. Қазіргі уақытта зауыт тәулігіне алты жарым мың текше метр су тұщытып, аймақтың басты әлеуметтік мұқтаждығын толық өтеп отыр.

Ресми есеп беру жиынының соңы ашық диалог алаңына ұласып, ауыл тұрғындары тарапынан бірнеше өзекті мәселелер қойылды. Жиынға қатысушылар Мұнайшы ауылын одан әрі абаттандыру, ішкі жолдарды жөндеу жұмыстарын жеделдету, әлеуметтік нысандардың жай-күйі мен коммуналдық қызмет сапасын жақсарту төңірегіндегі толғандырған сауалдарын ортаға салды. Ауыл әкімі Әбутәліп Тәжібай тұрғындардың әрбір өтініші мен ұсыныс-пікірі жіті назарға алынатынын жеткізіп, көтерілген мәселелерді шешу бойынша алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1243767?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version