Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге Астана шағынауданында орналасқан жаңа Гүлдер аллеясының ашылу рәсіміне қатысты. Жаңа нысан қалалық ортаны абаттандыру және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы кезекті маңызды жобалардың бірі болып отыр.
Гүлдер аллеясы гүл саудасын жүйелеу, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және қаланың заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында салынған. Мұнда кәсіпкерлер мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып, павильондардың бірыңғай стилі аумақтың көркін арттырады, эстетикалық тартымдылығын күшейтеді.
Жобаны жүзеге асыру үшін сауда нысандарының үздік эскиздік жобаларын іріктеу конкурсы өткізілді. Арнайы құрылған жұмыс тобы кәсіпкерлер ұсынған жобаларды қарап, заманауи қалалардың кеңістігі талаптарына сай келетін ең тиімді сәулеттік шешімдерді таңдады.
Айта кету керек, Гүлдер аллеясының жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды. Нысан құрылысына инвесторлар шамамен 1 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салған. Жобаның іске асуы нәтижесінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, шағын және орта бизнестің дамуына қосымша серпін береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-kasipkerlik/press/news/details/1243505?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау