Сұрақ:
Сәйкестік декларациясы дегеніміз не? Қарапайым тілмен түсіндіріп өтсеңіз.
Сәйкестік декларациясы — бұл салынған нысанның қолданыстағы заңнамаға, құрылыс нормалары мен жобалық құжаттама талаптарына толық сәйкес келетінін растайтын ресми құжат.
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — нысанның қауіпсіз пайдалануға дайын екендігін және белгіленген талаптарға, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділік талаптарына сай екенін растайтын құжат.
Сұрақ:
Неліктен қазір бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп отыр?
Жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануына байланысты құрылыс процесіне қатысатын барлық тараптардың жауапкершілігі күшейтілуде.
Бүгінде мемлекет тек құрылыс қарқынына ғана емес, нысандардың сапасына, қауіпсіздігіне және халық үшін қолжетімді болуына басымдық беріп отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылуда. Яғни, ғимараттар мүгедектігі бар азаматтарға, қарт адамдарға, қозғалысы шектеулі азаматтарға және балалы ата-аналарға барынша ыңғайлы болуы тиіс.
Сұрақ:
Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменті бұл бағытта қандай рөл атқарады?
Біздің департамент әлеуметтік нысандардың қолжетімділік талаптарының сақталуын бақылау жұмыстарына қатысады.
Біз нысандарды бейімдеу, кедергісіз орта талаптарының орындалуы мәселелерін қараймыз, сондай-ақ түсіндіру және бақылау жұмыстарын жүргіземіз.
Нысандарды пайдалануға беру кезінде қолжетімділік талаптарының тек формалды түрде емес, азаматтардың өз бетінше әрі қауіпсіз қозғалуына нақты мүмкіндік беруі өте маңызды.
Сұрақ:
Қолжетімділік бойынша нақты қандай талаптар тексеріледі?
Пандустардың, санитарлық тораптардың, кіреберіс топтарының, лифтілердің, тактильді бағыттағыштардың, қозғалыс жолдарының және басқа да қолжетімді орта элементтерінің болуы мен талаптарға сәйкестігі тексеріледі.
Қолжетімділік — бұл бір ғана элемент емес. Бұл — адамның нысанды еш кедергісіз пайдалануына мүмкіндік беретін тұтас жүйе.
Сұрақ:
Егер нысан толық бейімделмесе, сәйкестік декларациясына қол қойылады ма?
Жоқ әрине. Сәйкестік декларациясы құрылысқа қатысушылар мен нысанның дайын екендігін растайтын тұлғалардың жеке жауапкершілігін көздейді.
Егер нысан белгіленген талаптарға, оның ішінде қолжетімділік талаптарына сәйкес келмесе, онда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылады.
Сұрақ:
Жаңа Құрылыс кодексімен қандай өзгерістер енгізілді?
Жаңа Құрылыс кодексі ашықтық, жауапкершілік және құрылыс сапасы қағидаттарын күшейтеді.
Бүгінгі басты мақсат — нысанды жай ғана салып шығу емес, оның қауіпсіздігін, функционалдығын және халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Сұрақ:
Неліктен қолжетімді орта мәселесі бүгінгі күні өте маңызды?
Өйткені қолжетімді орта — бұл халықтың өмір сүру сапасының және қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің көрсеткіші.
Қазіргі заманғы нысан әр адамға, оның денсаулық жағдайына, жасына немесе қозғалу ерекшеліктеріне қарамастан, қолайлы болуы тиіс.
Бұл — тек заң талабы ғана емес, азаматтарға деген құрметтің белгісі.
Сұрақ:
Құрылыс ұйымдары мен халыққа не айтар едіңіз?
Бүгінде қолжетімділік мәселелері құрылыс аяқталғаннан кейін емес, жобалау кезеңінен бастап ескерілуі өте маңызды.
Талаптар неғұрлым ерте сақталса, нысан соғұрлым сапалы әрі қауіпсіз болады.
Біздің ортақ міндетіміз — еліміздің барлық тұрғындары үшін шын мәнінде қолжетімді әрі жайлы орта қалыптастыру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1243046?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау