“СҰРАҚ-ЖАУАП” АЙДАРЫ Қолжетімділіктің интерактивті картасы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

1 Сұрақ: Қазіргі таңда қолжетімді орта мәселесі қоғамда жиі көтерілуде. Осы бағыттағы Қолжетімділіктің Интерактивті картасы дегеніміз не?

Қолжетімділіктің Интерактивті картасы – бұл әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігі туралы ақпаратты қамтитын цифрлық ресурс. Картада білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, мемлекеттік қызмет көрсету және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар жөнінде мәліметтер орналастырылады. Оның басты мақсаты – азаматтарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, қолжетімді орта құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың ашықтығын арттыру және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға жағдай жасау.

2 Сұрақ: Бұл карта қандай қажеттіліктен туындады?

Әрбір азамат қажетті қызметтерді кедергісіз алуға құқылы. Алайда кейбір жағдайларда мүгедектігі бар адамдар белгілі бір нысандарға кіріп-шығу немесе қызмет алу кезінде қиындықтарға тап болады. Интерактивті карта азаматтарға қажетті мекеменің қолжетімділік деңгейін алдын ала бағалауға және өз бағытын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

3 Сұрақ: Картадан қандай ақпарат алуға болады?

Картада нысанның орналасқан жері, қызмет көрсету бағыты және қолжетімділік деңгейі туралы ақпарат көрсетіледі. Сонымен қатар пандустардың, арнайы санитариялық тораптардың, тактильді бағыттағыштардың, шақыру батырмаларының, бейімделген кіреберістердің және басқа да қолжетімділік элементтерінің болуы туралы мәліметтер беріледі.

4 Сұрақ: Карта кімдерге арналған?

Бұл ресурс ең алдымен мүгедектігі бар азаматтарға арналған. Сонымен қатар оны егде жастағы адамдар, уақытша қозғалу мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жүкті әйелдер, кішкентай балалары бар ата-аналар және жалпы барлық тұрғындар пайдалана алады. Өйткені қолжетімді орта – баршаға ортақ қажеттілік.

5 Сұрақ: Қолжетімділіктің Интерактивті картасының қоғам үшін маңызы неде?

Карта азаматтарды ақпараттандырумен қатар қоғамдық бақылау құралы ретінде де маңызды рөл атқарады. Ол қолжетімділік мәселелерін ашық көрсетуге, проблемалық нысандарды анықтауға және оларды бейімдеу бойынша жұмыстарды жеделдетуге ықпал етеді. Сонымен бірге мемлекеттік органдар мен нысан иелерінің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

 

 

6 Сұрақ: Картадағы ақпарат қаншалықты өзекті?

Картадағы ақпарат тұрақты негізде жаңартылып отырады. Мониторинг нәтижелері, жүргізілген бейімдеу жұмыстары және қолжетімділік жағдайындағы өзгерістер картада көрсетіледі. Сондықтан оның өзектілігіне ерекше көңіл бөлінеді.

7 Сұрақ: Интерактивті карта қолжетімді орта қалыптастыруға қалай ықпал етеді?

Карта нақты жағдайды көрсететін тиімді құрал болып табылады. Ол қай нысандардың толық бейімделгенін және қай жерде мәселелер бар екенін анықтауға мүмкіндік береді. Осы ақпарат негізінде мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және нысан иелері қажетті шешімдер қабылдап, қолжетімділік деңгейін арттыру бағытында жұмыс жүргізеді.

8 Сұрақ: Департамент бұл бағытта қандай жұмыс атқарады?

Департамент өз құзыреті шеңберінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуына бақылау жүргізеді. Сонымен қатар қолжетімділік талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау, профилактикалық бақылау және түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылады.

9 Сұрақ: Интерактивті картадағы мәліметтердің нақты жағдайға сәйкестігі қалай қамтамасыз етіледі?

Картадағы ақпараттың дұрыстығы мониторинг нәтижелерімен және мемлекеттік бақылау іс-шаралары барысында алынған мәліметтермен салыстырылып отырады. Сондықтан карта тек ақпараттық ресурс емес, қолжетімділік саласындағы ахуалды бағалаудың маңызды құралдарының бірі болып табылады.

10 Сұрақ: Департамент жүргізген тексерулердің нәтижелері қандай?

Есепті кезеңде Департамент тарапынан 12 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 208 заң бұзушылық анықталды, соның ішінде 7 қолжетімділік талаптарының сақталуына қатысты заң бұзушылық. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша оларды жою туралы  нұсқамалар берілді.

11 Сұрақ: Тексерулер барысында қандай заң бұзушылықтар жиі анықталады?

Көбінесе пандустардың құрылыс талаптарына сәйкес келмеуі, тактильді бағыттағыштардың болмауы, арнайы санитариялық тораптардың қарастырылмауы, шақыру батырмаларының орнатылмауы және кіреберіс аймақтардың бейімделмеуі сияқты кемшіліктер кездеседі. Мұндай жағдайлар азаматтардың қажетті қызметтерді толыққанды алуына кедергі келтіруі мүмкін.

 

12 Сұрақ: Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қандай шаралар қабылданады?

Біздің негізгі мақсатымыз – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, оларды жоюға қол жеткізу. Осыған байланысты нысан иелеріне анықталған кемшіліктерді жою бойынша міндетті нұсқамалар беріледі. Заңнама талаптары орындалмаған жағдайда әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады. Есепті кезеңде 2 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 778500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

13 Сұрақ: Тексерулерден кейін оң өзгерістер байқала ма?

Иә, соңғы жылдары оң өзгерістер байқалып келеді. Мемлекеттік бақылау, түсіндіру жұмыстары және қоғам тарапынан қойылып отырған талаптардың нәтижесінде көптеген нысандарда қолжетімділік деңгейі жақсаруда. Нысан иелері әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, ғимараттарды бейімдеуге көбірек көңіл бөлуде.

14 Сұрақ: Интерактивті карта мемлекеттік бақылау жұмыстарына қалай көмектеседі?

Карта қолжетімділік мәселелерін жүйелі түрде талдауға мүмкіндік береді. Ол қай нысандардың талаптарға сәйкес келетінін және қай жерде қосымша жұмыстар қажет екенін анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар карта мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және азаматтар арасындағы кері байланысты күшейтеді.

15 Сұрақ: Болашақта бұл жүйені дамыту бойынша қандай жоспарлар бар?

Басты мақсат – картадағы ақпараттың толықтығы мен сапасын одан әрі арттыру. Сонымен қатар азаматтарға қолайлы әрі түсінікті сервис қалыптастыру, қолжетімділік көрсеткіштерін жетілдіру және қоғамдағы инклюзивті мәдениетті нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.

16 Сұрақ: Облыс тұрғындарына қандай үндеу жолдар едіңіз?

Қолжетімді орта құру – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Өйткені қолжетімді орта – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жасалған жағдай ғана емес, ол әрбір адамның тең мүмкіндіктерге ие болатын әділетті қоғамның негізі.

Қолжетімділіктің интерактивті картасы – жай ғана цифрлық сервис емес. Бұл азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге, мемлекеттік бақылау дың тиімділігін арттыруға және қоғамдағы әрбір адамның өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды құрал

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1243942?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version