Қопа көлінің жағалауы абаттандырылғаннан кейін ол қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Жағалау бойында шағын футбол, баскетбол және волейбол ойнауға арналған заманауи спорт алаңдары, ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары мен балаларға арналған ойын кешендері орнатылған. Демалыс күндері мұнда адам қарасы көп болады: қала тұрғындары таза ауада спортпен шұғылданып, белсенді демалысты тиімді өткізеді.
Қалалық мәдениет және спорт бөлімі жағалауда әртүрлі спорттық-бұқаралық іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып, барлық жастағы тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып келеді.
Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында мұнда ерлер мен әйелдер арасында жағажай волейболынан жарыс өтті. Турнирге төрт команда қатысып, жоғары дайындық деңгейін, спорттық жігерін және жеңіске деген ұмтылысын көрсетті. Ойындар тартысты әрі қызықты өтіп, қатысушылар командалық бірліктің, өзара қолдаудың және жеңіске деген жігердің жарқын үлгісін танытты.
Жарыс спорт мерекесіне айналып, қатысушылар мен жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын әсер сыйлады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан медальдармен, кубоктармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/culture-kokshetau/press/news/details/1244155?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау