ЖЕТІБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ РАХАТ КАРАТАЕВ ЕСЕП БЕРДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жетібай ауылының әкімі Рахат Каратаев 2026 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған ауқымды істер мен алдағы уақытқа жоспарланған басым міндеттерді қорытындылады. Ауыл әкімі өз баяндамасында демографиялық өсімі жоғары аймақтың инфрақұрылымын жақсарту мен абаттандыру мәселелері жергілікті биліктің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.

2026 жылдың алғашқы алты айындағы ең маңызды жетістіктердің бірі ретінде «Еділ суын тазарту өндірістік станциясының» жаңартылған нысанының іске қосылуын айтуға болады. Тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етуді көздейтін бұл стратегиялық жоба аясында 2 шақырым су құбыры тартылып, дискіні сүзу блогы мен жұқа қабатты тұндырғыштар салынды. Сағатына 260-300 текше метр су айдайтын жаңа модульдік станциялардың орнатылуы Еділ суын терең тазартудан өткізіп, қажетті минералдармен байытылған сапалы тіршілік нәрін халыққа ұсынуға мүмкіндік берді.

Мұнымен қоса, ауылдың сәулеттік келбетін арттыру мақсатында орталық алаңға жөндеу жүргізіліп, жаңа автотұрақ салынды. Бұл мақсатқа «ИП Зинулла» мердігер мекемесімен 34,6 миллион теңгенің келісімшарты жүзеге асырылды.

Бүгінгі таңда ауыл аумағында жоспарға сәйкес бірнеше бағыттағы құрылыс-жөндеу жұмыстары қызу жалғасуда. Тұрғындардың қолайлы демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Ш. Ыбырайымұлы шағын ауданында жаңа қоғамдық кеңістіктің құрылысы басталды. Тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруды көздейтін бұл жобаны «ӨзенҚұрылысМонтаж» ЖШС 40,6 миллион теңгеге жүргізіп жатыр. Оған қоса, ауылда бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында Мұнайшы-2 және Ж. Мыңбаев шағын аудандарында «Street Workout» алаңдарын орнату қолға алынды. Келісімшарт құны 10,44 миллион теңгені құрайтын бұл жобаны «ОИ Қамқор-Сұңқар» қоғамдық қоры атқаруда. Тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі мен белсенділігі үшін «Caspian Coast» ЖШС тарапынан 17 миллион теңгеден астам қаражатқа қолданыстағы спорт және балалар ойын алаңдарын жөндеуден өткізу, тозған элементтерін ауыстыру және санитарлық-техникалық жағдайын жақсарту шаралары атқарылуда. Сонымен қатар Мұнайшы-2 шағын ауданында жаңа спорттық ойын алаңын салу жұмыстарын «Талап» қазақ мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 17,98 миллион теңгеге жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ, ауыл ішіндегі жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту мақсатында Жаңақұрылыс шағын ауданындағы 76-шы үйден «Заман» супермаркетіне дейінгі аралықты абаттандыру жұмыстарын «ПромСтройГарант» ЖШС 45,24 миллион теңгеге атқаруда. Дәл осы шағын аудандағы №3 жалпы білім беретін мектеп пен «Аяжан» дүкені аралығын абаттандыру мақсатында кең көлемді жаяу жүргіншілер жолы, демалыс орындықтары мен заманауи жарық шамдарын орнатуды «ЖАННҰРЫ 676» мүгедектер қоғамдық бірлестігі 17,5 миллион теңгеге қолға алды. Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы тағы бір маңызды нысан – Жаңақұрылыс және С. Жаңғабылұлы шағын аудандарын, нақтырақ айтқанда №8 орта мектеп пен Әубәкіров шағын ауданын байланыстыратын тротуар төсеу жұмыстары болып табылады. Бұл жобаны «AS Corporation» жеке кәсіпкерлігі 12 миллион теңгеден астам қаражатқа іске асыруда.

Жетібай ауылының коммуналдық мәселелерін шешу де негізгі басымдықтардың қатарында. Қазіргі уақытта «2-ауыл», «Ш. Ыбырайымұлы», «С. Жаңғабылұлы» және «Аэропорт» шағын аудандарында ұзындығы 3,3 шақырымды құрайтын төмен қысымды газ құбырын қайта жүргізу жұмыстары басталды. Бұл жауапты міндетті «Design School» ЖШС 62,1 миллион теңгеден астам сомаға орындап жатыр. Ауыл қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында Өскімбаев, Жаңақұрылыс, Күржіманұлы, Мұнайшы-2, Ш. Ыбырайымұлы, Астана, Жаңғабылұлы, 2-ауыл, Ж. Мыңбаев, Т. Әубәкіров көшелері мен шағын аудандарындағы жарығы жеткіліксіз аумақтарға сыртқы жарықтандыру жүйелерін орнату жұмыстары жүріп жатыр. «Хидаят ҚК» ЖШС тарапынан атқарылып жатқан бұл жобаның келісімшарт құны 47,2 миллион теңгені құрайды. Осы атқарылған және атқарылып жатқан ауқымды істермен қатар, Жетібай ауылының тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі мен даму бағытын танытатын деректі фильм түсірілуде. «Studio_362» студиясымен бірлескен 5 миллион теңгелік бұл жоба ауылдың шежіресі мен жетістіктерін кеңінен насихаттауға арналған. Ауыл әкімі Рахат Каратаев бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша басталған барлық жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуы басты міндет екенін және алдағы уақытта да Жетібай тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолындағы жүйелі жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1243501?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version