Атырау облыстық мәслихатының сессиясында бірқатар маңызды мәселелер қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиевтің төрағалығымен кезекті XXIII сессия отырысы өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
 
Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудандық мәслихат төрағалары, сондай-ақ облыстық департамент және басқарма басшылары қатысты.
Түске дейін облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізіліп, күн тәртібіне енгізілген мәселелер алдын ала жан-жақты талқыланды. Отырыста депутаттар тарапынан берілген ұсыныстар мен пікірлер бойынша нақты ұсынымдар әзірленді.
 
Күн тәртібіне сәйкес Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Кенжеғазы Есембеков 2025 жылғы бюджеттік-салықтық түсімдердің орындалу барысы және 2026 жылға арналған салық базасын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Баяндамада өңірлік кірістерді ұлғайту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, бюджет кірістерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы негізгі көрсеткіштер мен алдағы жоспарлар баяндалды.
 
Сонымен қатар, Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Биғамбаев 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін арттыру және жергілікті бюджет қаражатының тиімді игерілуі бағытында атқарылған шараларға тоқталды. Депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға полиция департаментінің жауапты қызметкерлері жауап беріп, зерделеуді қажет ететін сауалдар бойынша арнайы жауап жолданатындығын айтып өтті.
 
Сондай-ақ Атырау қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселелері қаралды. Бұл бағытта тарихи-мәдени ерекшеліктерді ескере отырып, ұсыныстар талқыланды. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты өзекті мәселелер қаралып, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.
Атырау облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Ержан Барлыбайұлы облыстық аумақтық және округтік сайлау комиссияларының құрамына ұсынылған кандидаттарды таныстырып, қолдауды сұрады.
 
Бүгінгі отырыста облыстық мәслихат депутаттары өңірдің дамуындағы басым бағыттарға қатысты халықты толғандыратын сұрақтар мен ұсыныстарын білдіріп,  күн тәртібіндегі алғашқы екі мәселе бойынша Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының зерделеуіне енгізу туралы шешім қабылдады.
 
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бүгінгі қабылданған шешімдердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді. Сонымен қатар, кірістер департаментінің есебі күрделі және салықтық түсімдерге қатысты халықты мазалайтын мәселе екендігіне байланысты алдағы уақытта І жартыжылдық бойынша шағын және орта кәсіпке қатысты өзгерістерге қатысты тиісті басқармалармен бірлесе отырып, арнайы алаңда қорытындылауды ұсынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-atyrau-region/press/news/details/1244503?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version