АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ
Бүгін аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов азаматтарға жеке және қоғамдық мәселелері бойынша кезекті қабылдауын өткізіп, тұрғындарды толғандырған түйткілді мәселелерді тыңдады. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары назарға алынған қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудан әкімінің орынбасарлары мен прокуратура қызметкерлері, тиісті бөлімдер мен мекеме басшылары, сондай-ақ, қабылдауға жазылған тұрғындардың жергілікті әкімдері қатысты.
Тұрғындармен ашық форматта өткен қабылдау барысында халық тарапынан баспана алу, жер және мүлік құжаттарын заңдастыру, ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелер, елді мекендердегі жолдардың жай-күйі, көше жарығының жеткіліксіздігі, тұрғын үйлердің инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерін жақсарту секілді өзекті мәселелер көтерілді.
Әрбір өтініш иесін мұқият тыңдаған аудан басшысы көтерілген мәселелердің мән-жайына жан-жақты тоқталып, заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, қабылдау барысында жедел шешімін табуға болатын бірқатар мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданып, тұрғындардың өтініштері сол жерде оң шешімін тапты.
Қосымша зерделеу мен уақытты қажет ететін мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалу мерзімдері белгіленді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен кері байланысты нығайту, азаматтардың өтініштеріне жедел әрі тиімді жауап беру – біздің басты міндетіміз. Әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайды. Заң аясында шешілуі мүмкін барлық сұрақтар кезең-кезеңімен қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады» деген Серік Үсенұлы көтерілген мәселелердің орындалу барысы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Өткізілген жеке қабылдаулар тұрғындардың билік өкілдерімен тікелей байланыс орнатуына, өзекті мәселелерін жеткізуіне және олардың шешілу жолдарын бірлесе талқылауына мүмкіндік беріп келеді. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың тиімділігін күшейте түседі.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1244458?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау