Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары кәсіби мереке қарсаңында медицина қызметкерлеріне жағымды тосынсый жасады.
19 маусым күні сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың мерейтойлық кезекті 30-сессиясында депутаттар ауылдық жерлерге, кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету шаралары жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету қағидалары мен мөлшерін бекітті.
Еске сала кетейік, өңірде медицина қызметкерлеріне арналған әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл шаралар кадр тапшылығын азайтуға, сондай-ақ мамандарды ауылдық және қалалық елді мекендерге тартуға және тұрақтандыруға бағытталған.
Бүгін қабылданған шешімдегі негізгі өзгеріс – 2025 жылдан бастап медициналық ұйымдармен еңбек шартын жасасқан медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шараларын алу құқығын беру болып табылады.
Бұған дейін біржолғы ақшалай төлемдерді тек ағымдағы жылы жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлеріне беру жоспарланған болатын.
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 2025-2026 жылдары жұмысқа орналасқан дәрігерлерден біржолғы ақшалай төлем алу үшін 133 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 38 өтініш қалалық медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін мамандардан, ал 95 өтініш ауылдық жерлерде еңбек ететін мамандардан түскен.
Ақмола облыстық мәслихатының қолданыстағы шешіміне сәйкес біржолғы төлемдердің мөлшері төмендегідей:
қалалық медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін дәрігерлерге – 5,0 млн теңге;
ауылдық жерлерде жұмыс істейтін дәрігерлерге – 8,5 млн теңге.
Аталған әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру облыстың денсаулық сақтау ұйымдарына білікті медициналық кадрларды тартуға және оларды тұрақтандыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1244963?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау