Құрық ауылындағы Мәдениет үйінде Қарақия ауданының әкімі Сымбат Қуанышұлы Төретаевтың қатысуымен 2025–2026 оқу жылының қорытындысына арналған «Дарын мен еңбектің салтанаты» атты салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы, бөлім мамандары, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Салтанатты жиында ауданның білім беру саласында қол жеткізілген жетістіктер қорытындыланып, республикалық және халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, спорттық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен дарынды оқушылар мен олардың жетекшілері марапатталды.
Сонымен қатар, «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлері мен «Үздік аттестат» алған түлектерге және білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан педагогтерге аудан әкімінің Алғыс хаттары мен арнайы қаржылай сертификаттары табысталды.
Шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Сымбат Қуанышұлы білім мен ғылым жолында табысқа жеткен жас буынға және олардың жетістіктеріне үлес қосқан ұстаздарға алғысын білдіріп, өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, ел дамуына қызмет ететін азамат болып қалыптасуы жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Сондай-ақ, оқу жылының қорытындысы бойынша үздік деп танылған педагогтер арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1244349?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау