Үкіметте ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің, сондай-ақ «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшылығының қатысуымен тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс сапасы мәселелері бойынша кеңес өтті. Кездесу барысында құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде бақылауды күшейту шаралары қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz. Кеңес Мемлекет басшысының құрылыс сапасын арттыру, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында өткізілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024–2025 жылдары пайдалануға берілген нысандарға жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы баяндамасы тыңдалды. Ведомствоның мәліметінше, мониторинг 1 032 нысанды қамтыды. Оның ішінде 725 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны, 230 тұрғын үй құрылысы және абаттандыру объектісі, сондай-ақ 77 инженерлік, көліктік, әкімшілік және өзге де инфрақұрылым нысандары бар. Мониторинг барысында өңірлерде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына және құрылыс бақылауын ұйымдастыруға байланысты бірқатар ақау мен кемшілік анықталды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ оператор болып саналатын «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған нысандарға ерекше назар аударылды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары құрылыс бақылауы мен ақауларды жоюда көзбояушылыққа жол берілмейтінін атап өтті. Құрылыс сапасы жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде жобалау мен құрылыс-монтаждау жұмыстарынан бастап объектілерді қабылдау, техникалық және авторлық қадағалау, сондай-ақ кепілдік міндеттемелерін орындауға дейін қамтамасыз етілуі тиіс. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым, жолдар, абаттандыру объектілері, аула аумақтары, сыртқы жарықтандыру, теміржол вокзалдары мен автовокзалдардың құрылысына бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді. Анықталған кемшіліктер мердігерлік ұйымдардың қаражаты есебінен, кепілдік міндеттемелері шеңберінде, қосымша бюджет қаражатын тартпай жойылуға тиіс екені баса айтылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-audan/press/news/details/1244877?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау