2026 жылғы 19 маусым күні шамамен сағат 13:10-да алдын ала алынған жедел ақпаратты іске асыру шеңберінде Тараз қаласындағы №59 мекеме қызметкерлері мен ВЧ-5513 әскери бөлімінің бақылау-өткізу тобы бірлесіп жоспарлы тексеру жұмыстарын жүргізді.
Аталған іс-шара барысында қысқа мерзімді кездесу үшін келген азаматтың жеке заттарын тексеру кезінде мекеме аумағына тыйым салынған техникалық құрылғыны өткізу әрекеті анықталды. Тексеру нәтижесінде азаматтың қол жүгінің ішінен сырт көзге қарапайым қара түсті көзілдірік ретінде жасырылған, бірақ ішкі құрылымында аудио және бейнежазба жүргізуге арналған арнайы техникалық жабдықпен жабдықталған құрылғы табылып, тәркіленді.
Аталған азаматқа тексеру басталар алдында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мекеме аумағына тыйым салынған заттарды өз еркімен тапсыру қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда соған қарамастан, тыйым салынған құрылғыны мекеме аумағына алып кіруге әрекет жасалған.
Оқиға фактісі бойынша барлық материалдар белгіленген тәртіпке сәйкес тіркеліп, оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Сонымен қатар, бұл дерек тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына жолданды.
Жиналған материалдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы шеңберінде құқықтық баға беру және әкімшілік жауапкершілік мәселесін қарау үшін сот органдарына жіберілді.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды заңсыз алып кіру әрекеттерінің алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мекемелер аумағында қауіпсіздік режимін сақтау және бақылау шаралары тұрақты түрде күшейтілген бақылауда тұр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiszhambyl/press/news/details/1244595?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау