Ақмола облысында өңір әкімінің міндетін атқарушы Елдос Рамазановтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті XXX сессиясы өтті. Отырыс барысында депутаттар 2025 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарап, денсаулық сақтау, экономика және басқа да салалар бойынша бірқатар шешімдер қабылдады.
Депутаттар алдында сөз сөйлеген Елдос Рамазанов 2025 жылы облыстық бюджет кірістері 615,2 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Салық базасының кеңеюі, кәсіпкерлік белсенділіктің артуы және инвестициялық жобалардың іске асырылуы нәтижесінде өңірдің өз кірістері өткен жылмен салыстырғанда 13,7 пайызға өсті.
Әлеуметтік салаға 330 млрд теңге бағытталды, бұл бюджет шығыстарының жалпы көлемінің жартысына жуығын құрады.
Білім беру саласында төрт мектеп пен Ақан сері атындағы Жоғары мәдениет колледжінің жатақханасының құрылысы аяқталды. 19 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Өңірде апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін тапты.
Денсаулық сақтау саласында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 14 нысанның құрылысы аяқталды. Қосшы қаласында бір ауысымда 1000 адам қабылдайтын емхана пайдалануға берілді. Көкшетау қаласында 350 орындық стационар мен 630 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы жалғасуда. Денсаулық сақтау саласындағы 10 нысанға күрделі жөндеу жүргізу үшін 4,6 млрд теңге бөлінді.
Экономиканың нақты секторын дамытуға 270 млрд теңге бағытталды. Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі ретіндегі орнын сақтап қалды. 2025 жылы облыста 7,6 млн тонна көлемінде рекордтық астық өнімі жиналып, бұл республикалық жалпы өнімнің төрттен бірінен астамын құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,2 трлн теңгеге жетіп, өңірдің сала өсімі қарқыны бойынша республикада бірінші орын алуына мүмкіндік берді.
Бюджеттің атқарылуы жөнінде облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаев пен Тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Есмағамбетов те баяндама жасады.
Марат Қойшыбаевтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 927 млрд теңгені құрады. Инвестициялардың нақты көлем индексі 153 пайызға жетіп, Ақмола облысы Қазақстан өңірлері арасында инвестиция өсімі қарқыны бойынша бірінші орынға шықты.
Тексеру комиссиясының есебін қарау қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің атқарылуына оң баға беріліп, кірістердің тұрақты өсуі, бюджет қаражатының тиімді игерілуі және шығыстардың әлеуметтік бағыттылығы атап өтілді.
Сессия барысында ауылдық елді мекендерге, кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жүйесіне өзгерістер енгізу туралы шешім де бекітілді. Қабылданған шаралар өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарына білікті мамандарды тартуға және оларды тұрақтандыруға бағытталған.
Сонымен қатар депутаттар Қосшы және Көкшетау қалаларындағы бірқатар атауы жоқ көшелерге атау беру туралы шешімдерді қолдады.
Күн тәртібіндегі жеке мәселе ретінде Тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Есмағамбетовты зейнеткерлік жасқа толуына байланысты атқарып отырған қызметінен босату қаралды. Бұл шешім депутаттардың бірауыздан қолдауына ие болды.
Отырыстың қорытындысы бойынша ұсынылған барлық шешім жобалары депутаттық корпус тарапынан қолдау тапты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1245382?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау