Степногорск қаласына қарасты екі ауылда бірден екі өрт сөндіру депосы ашылып, өрт қауіпсіздігі деңгейін айтарлықтай арттыруға және төтенше жағдайлар кезінде жедел қызметтердің әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік берді.
Қарабұлақ ауылындағы өрт сөндіру депосының ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, ардагерлер және ауыл тұрғындары қатысты.
«ТЖМ бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын жетілдіру азаматтардың қорғалу деңгейін арттыруға ықпал етеді, ал халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді», – деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.
Іс-шара барысында қонақтар депоның техникалық жабдықталуымен, жеке құрамның жұмыс жағдайларымен және жаңа бөлімшенің мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ өрт сөндіру-құтқару техникасы мен қызметтік міндеттерді орындауға дайындық деңгейі көрсетілді.
Тағы бір «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымының бөлімшесі Ақсу кентінде ашылды. Ғимаратта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қызмет атқару мен техниканы орналастыру үшін қажетті жағдайлар жасалды. Өрт сөндіру бекеті автоцистернасы бар өрт сөндіру автомобилімен және қажетті өрт-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар тәулік бойы кезекшілік атқарып, төтенше жағдайларға ден қоюға дайын болатын 4 қызметкерден тұратын жеке құрам жасақталды.
Бұл нысанның іске қосылуы Ақсу кенті үшін ерекше маңызға ие. Мұнда 2 334 адам тұрады. Ең жақын мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне дейінгі қашықтық 20 шақырымды құрайды. Өз бөлімшесінің болуы оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартып, төтенше жағдайларға әрекет ету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1245454?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау