30 жыл қылмыспен күрес: Асан Мейрамовтың тағылымды жолы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Отыз жылға жуық уақытын қылмыстарды ашуға арнаған полиция полковнигі Асан Мейрамов жүздеген қылмыстық істің ақ-қарасын анықтауға атсалысты. Адам өлтіру фактілерін тергеуден бастап, аудандық полиция бөлімін басқаруға дейінгі қызмет жолында ол кәсіби біліктілігімен, адам психологиясын терең түсіне білуімен және шәкірт тәрбиелеудегі еңбегімен ерекшеленді. Қазақстан полициясы күні қарсаңында тәжірибелі тәртіп сақшысы өзінің қызмет жолы, есте қалған қылмыстық істері мен мамандыққа деген көзқарасы туралы бөлісті.

     Тіпті жүйкесі әбден шыныққан жедел уәкілдердің де арада қанша жыл өтсе де ұмыта алмайтын оқиғалары болады. Полиция қызметкері Асан Мейрамов үшін сондай ауыр естеліктердің бірі – Есіл өзенінен көптеген пышақ жарақатымен табылған кішкентай баланың мәйіті.

     Мектеп жасына жетпеген бүлдіршін бастапқыда із-түзсіз жоғалғандар санатында болған. Анасы көз жасына ерік беріп, баласының серуенге шығып, қайта оралмағанын айтып, оған белгісіз біреулер шабуыл жасауы мүмкін деген болжам жасаған. Бір ай бойы Асан Мейрамов пен оның әріптестері қылмыстың барлық ықтимал нұсқаларын мұқият тексерді. Жүздеген куәгерден жауап алынып, ондаған күдікті бақылауға алынды. Бұл қатыгез қылмыстың ашылуын облыстық полиция басшылығы ғана емес, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі де жіті бақылап отырды. Алайда ұзақ уақыт бойы ешбір нұсқа өз дәлелін таппады.

     Кейін тергеу барысында бұрын сотты болған ананың алибиі күмән тудырып, ақыры расталмайтыны анықталды. Нәтижесінде полицейлер тіпті талай қылмысты көрген тәжірибелі жедел уәкілдердің өзіне сену қиын болған шындықты дәлелдеді: әйел алты жасар ұлын тіл алмағаны үшін өзі өлтірген. 

– Жедел уәкілдің жұмысындағы ең маңызды қасиет – адам психологиясын түсіну. Мұны маған ең алдымен аға буын әріптестерім үйретті. Ол кезде қылмысты ашудың бүгінгідей заманауи технологиялары жоқ еді. Қылмыстық іздестіру қызметінің негізгі құралы – адамдармен жұмыс болатын. Олар күдіктінің ішкі дүниесін түсінуге, куәгердің сеніміне кіруге көмектесетін тәсілдерді көрсетті. Мәселен, егер куәгердің балық аулауға қызығатынын білсең, сол тақырыпты жақсы меңгеруге тырыс. Сонда оның сеніміне кіру оңайырақ болады. Адам сені өзіне жақын көрсе, саған көбірек сенеді әрі ашыла түседі. Ең бастысы – алдамау. Оның қызығушылықтарына шынайы көңіл бөліп, өз адамыңдай қарау қажет, – дейді Асан Мейрамов. 

     Асан Мейрамов жедел қызметке 1996 жылы келді. Бұл шешім бір жағынан тосын болғанымен, оның өміріндегі маңызды таңдау еді. Себебі ол кезге дейін құқық қорғау органдарындағы қызмет туралы көпшілік секілді аз білетін. Құқық қорғау саласы жөніндегі түсінігі көбіне детективтік шығармалар арқылы қалыптасқан болатын. Мемлекеттік тергеу комитетіне қызметкерлер қабылданып жатқанын естіген соң, өз күшін сынап көруге бел буады. Спортпен шұғылданған жас жігіт сынақтардан сәтті өтіп, қызметке қабылданады.

– Кадр бөлімінің бастығы Әлібек Жансейітов менен: “Саған қайсысы жақын – қағазбен жұмыс істеу ме, әлде адамдармен жұмыс істеу ме? Кабинетте отырғанды ұнатасың ба, әлде кез келген ауа райында көшеде жүргенді ме?”– деп сұрады. Қозғалысты жақсы көретін әрі адамдармен тез тіл табысатын мен еш ойланбастан екінші нұсқаны таңдадым, – деп еске алады ол.

     Тәжірибеден өту кезеңінде тәжірибелі жедел уәкілдердің жұмысын бақылап жүрген жас маман Петропавл қаласының шет аймақтарындағы өмірдің көлеңкелі тұстарын көрді. Черемушки, Ойқала және Былғары зауыты аудандарында ол кезде притондар да, полиция есебінде тұрған азаматтар да, түрлі құқық бұзушылықтар болатын қолайсыз отбасылар да аз емес еді.

     Қаланың басқа бөліктерімен ол кейінірек, 2006 жылдан бастап басшылық қызметтерге тағайындалған кезде тереңірек танысты. Алдымен “Тайга” базарынан бастап қаланың шетіне дейінгі аумаққа қызмет көрсететін Бірінші полиция бөлімінің бірінші орынбасары болды. Бұл қызметте жедел бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, 25 жедел уәкілдің қызметіне жетекшілік етті. Кейін теміржол вокзалы мен Жұмысшы кенті орналасқан Екінші полиция бөлімін басқарды. Бұдан соң облыстық ішкі істер департаментінде жеке адамға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы және қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

     Биыл 28 маусымда Асан Мейрамовтың алғашқы қызметтік бұйрық алып, адам өлтіру қылмыстарын ашу бөлімінде еңбек жолын бастағанына тура 30 жыл толады. Осы уақыттың басым бөлігі жедел қызметпен тығыз байланысты болды.

– Мен өмір бойы дерлік адам өлтіру қылмыстарын ашумен айналыстым, – дейді ол әзіл аралас.

     Оның кәсіби жолында көптеген марапаттар бар. Солардың бірі – тапсырыспен жасалған резонансты кісі өлтіру қылмысын ашқаны үшін берілген ҚР ІІМ Құрмет грамотасы. Бұл іс бойынша Солтүстік Қазақстан облысына арнайы келіп, облыстық қаржы полициясы бастығының орынбасарын өлтіруді жоспарлаған Ресей Федерациясының екі азаматы әшкереленіп, Алматы қаласында ұсталған.

– Дегенмен мен үшін ең үлкен мақтаныш – марапаттар емес. Менің басты мақтанышым – шәкірттерім. Қызмет жолын менің қарамағымда бастап, тәжірибемді үйренген көптеген қызметкерлер бүгінде басшылық лауазымдарда еңбек етіп жүр. Демек, олардың бойындағы әлеуетті дер кезінде көре білгенмін, – дейді ол.

     Бүгінде Асан Қайдарұлы Жамбыл аудандық полиция бөліміндегі қызметінен кейін Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарады.

     Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон саласын бақылау, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар – аудандық полиция бөлімінің басшысы жауап беретін ауқымды міндеттердің бір бөлігі ғана. Ауылдық жердің өзіндік ерекшеліктері де бар. Мұнда мал ұрлығының алдын алу, браконьерлікпен күрес секілді мәселелер өзекті. Кейде полициядан жасырынып, жеркепеде жүрген пәтер ұрыларын да ұстауға тура келеді.

     Қылмыстарды ашумен қатар олардың алдын алу да маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды Асан Мейрамов заманауи тәсілдер арқылы жүзеге асырып келеді. Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жолға қойған. Мәселен, алдын алу мәселелеріне арналған чатқа ауданның жүзден астам басшысы біріктірілген. Оның бастамасымен “Stop мошенник” Telegram-арнасы да іске қосылған.

– Кезінде өз күшімді сынап көріп, полиция қызметін таңдағаныма еш өкінбеймін. Осы отыз жыл бойы өзімді қоғамға қажет адам ретінде сезініп келемін. Қазақстан полициясы күні қарсаңында әріптестеріме осы сезімнен ешқашан айырылмауды тілеймін. Өйткені мамандықты дұрыс таңдағанымызды дәл осы сезім дәлелдейді, – дейді Асан Мейрамов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1246133?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version