ШҚО ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының көтергіш құрылыстар мен өсімдік шикізатын қайта өңдеу объектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Гүлнур Турдина өз мамандығына 32 жылын арнап, бүгінгі күні де еңбек етіп, кәсіби шеберлігін жетілдіруде. Ол жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерге, оқу-жаттығу дабылдарына, қауіпті техникалық құрылғыларды пайдалануға беру кезіндегі куәландыруларға, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы аттестаттардың сәйкестігін тексеруге қатысады.
– Мен еңбек жолымды хатшы-іс жүргізуші болып бастадым. Жылдар өте келе өнеркәсіптік қауіпсіздік саласының барлық қыр-сырын меңгеріп, қызмет ардагерлерінен көп тәжірибе жинадым. Ардагерлердің тәжірибесін жас буынға беру әрдайым білім алудың берік негізі болып келеді. 2000 жылдан бері бас маман болып қызмет атқарып келемін. Осы уақыт ішінде оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған мыңдаған тексерулер жүргізілді. Менің мамандану бағытым – көтергіш құрылыстар. Тексеру барысында жүк көтеру мен тасымалдау қауіпсіздігіне әсер ететін, мысалы, көпірлі крандардың арқандарының тозуына байланысты анықталған бұзушылықтар жедел түрде жойылып, соның нәтижесінде жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік туады. Өзім қатысқан комиссия мамандарының жұмысының арқасында көпқабатты тұрғын үйлердегі қауіп төндірген шамамен 30 лифт уақытылы ауыстырылды. Мен үшін қауіпсіздік – тек ережелерді сақтау талабы емес, тәуекелдерді саналы түрде бағалай білу. Сондықтан біздің мамандар қадағалаудағы кәсіпорындарда профилактикалық жұмыстарды кеңінен жүргізеді, – деп бөлісті Гүлнур.
– Сіздің салаңыздың маманы қандай білімге ие болуы керек?
– Заңнаманы, нормативтік құжаттарды жақсы білуі, нормативтік-құқықтық актілердегі өзгерістерді тұрақты бақылап отыруы қажет. Сонымен қатар объектілерді тексеруге қатысу арқылы тәжірибе жинақтап, өз мамандығын жақсы көруі, жауапты әрі тиянақты болуы маңызды. Теориялық және практикалық дайындығы да жоғары деңгейде болуы керек.
– Жұмыстан тыс уақытта немен айналысасыз?
– Мен өте белсенді адаммын, би билегенді ұнатамын. Отбасыммен уақыт өткізгенді жақсы көремін. Екі немерем бар, оларға үлгі болып, қамқор әже болуға тырысамын. Мемлекеттік қызметші күніне орай әріптестерімді құттықтап, азаматтардың қауіпсіздігі жолындағы жауапты қызметтеріне табыс тілеймін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-vko/press/news/details/1245707?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау