Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат аясында осы саладағы мемлекеттік бақылау және реттеу тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
Осы жұмыстың маңызды кезеңдерінің бірі ретінде 2026 жылғы 28 мамырда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бірлескен бұйрығы қабылданып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен тексеру парақтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Критерийлердің жаңа редакциясында тәуекел дәрежесін бағалау тәсілдері жаңартылып, тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру тәртібі жетілдірілді, сондай-ақ өрескел, елеулі және болмашы бұзушылықтардың жіктемесі қайта қаралды.
Сонымен қатар, стационарлық, жартылай стационарлық, үйде қызмет көрсету және уақытша болу жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға арналған жаңа тексеру парақтары бекітілді. Онда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензияның болуы, біліктілік талаптарына сәйкестік, кадрлық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаның жай-күйі, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін тексеру талаптары қарастырылған.
Лицензиялау мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау енгізілді.
Лицензиялаудың негізгі мақсаты – көрсетілетін қызметтердің бірыңғай сапа стандарттарын қамтамасыз ету, қызмет алушылардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту болып табылады.
Жаңа редакциядағы Критерийлерге сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиясыз көрсету, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерді жеткізушілерге қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеу өрескел бұзушылықтар қатарына жатқызылғанын атап өткен жөн. Бұл шаралар ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға және көрсетілетін көмектің тиісті сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 29 ұйым жұмыс істейді. Барлық ұйымдар тиісті лицензияларын алып, 3 600-ден астам азаматқа көмек көрсетуде. Ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер. Қазіргі таңда мұндай қызметтермен 2 240-тан астам адам қамтылған.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті лицензиялау алдындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөледі. Бұл қызмет ұйымдардың лицензия алуға дайындығын бағалаумен қатар, жан-жақты әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетуге бағытталған.
Департамент мамандары кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттік мекемелер арасында тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құжаттарды дайындау, мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, білікті мамандармен штаттарды толықтыру және арнаулы әлеуметтік қызметтерді белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес береді.
Алдағы уақытта Департамент лицензиялау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында қызмет атқаратын ұйымдарға әдістемелік қолдау көрсету жұмыстарын жалғастырады.
Лицензиялау тек заңнама талабы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз етудің, қызмет алушылардың құқықтарын қорғаудың және жалпы халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін арттырудың пәрменді құралы екеніне сенімдімін.
Тек мемлекет, қызмет көрсетушілер және қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы ғана әлеуметтік қолдауға мұқтаж әрбір азаматтың сапалы, қауіпсіз және кәсіби көмекке уақтылы қол жеткізуіне жағдай жасай аламыз.
Назарларыңызға рақмет!
Ғалым Тұрсынбаев
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1247888?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау