Заманауи Saya Park сауда-ойын-сауық орталығы қаланың қалыптасып келе жатқан іскерлік және экономикалық орталығының бір бөлігіне айналады.
Облыс әкімі жаңа сауда-ойын-сауық орталығының жобасымен танысып, Алтын Орда шағын ауданындағы құрылыс алаңына барды.
«М-Стройтранс» құрылыс компаниясының басшысы Бекзат Алапанов сауда-ойын-сауық орталығы жобасын іске асыру жұмыстары басталғанын хабарлады.
«Біз ауданы 60 мың шаршы метрді құрайтын сауда-ойын-сауық орталығының құрылысына капсула салдық. 2026 жылдың екінші тоқсанында негізгі құрылыс жұмыстарына кірісіп, нысанды 2028 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бізде барлық қажетті инженерлік құрам мен техника бар. Орталықта кинотеатр, мейрамханалар және басқа да демалыс пен ойын-сауық аймақтары қарастырылады», – деді бас мердігер.
Жаңа кешен 6,6 гектар аумақта бой көтереді. Жоба демалыс, ойын-сауық және отбасылық уақыт өткізуге арналған заманауи кеңістік құруды көздейді. Мұнда кинотеатрлар, сауда галереялары, балалар ойын алаңдары, серуендеу аймақтары және қоғамдық тамақтану орындары ашылады.
Асхат Шахаровтың айтуынша, Алтын Орда шағын ауданын дамыту өңірдің қала құрылысы саясатының маңызды бағыттарының бірі.
«Алтын Орда біртіндеп қаланың іскерлік, мәдени және қоғамдық өмірінің жаңа орталығына айналып келеді. Мұнда ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік нысандар салынуда, заманауи қоғамдық кеңістіктер құрылуда. Сауда-ойын-сауық орталығы облыс орталығы тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір тартымды орын болатынына сенеміз», – деді өңір басшысы.
Жобаның жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, қызмет көрсету саласын кеңейтуге және қалалық ортаның жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1247391?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау