Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы И.Л. Ақпомбаевпен сұхбат
Тақырыбы: Аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары мен негізгі тұжырымдар тұрғысынан 2025 жылғы елорда бюджетінің атқарылуын бағалау
Астанада 2025 жылғы елорда бюджетінің атқарылуына бағалау жүргізудің қорытындылары шығарылды. Аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері мегаполистің дамуындағы оң серпінді де, қаржылық тәртіп пен бюджеттік қаражатты басқару тиімділігін одан әрі күшейтуді талап ететін жүйелі мәселелерді де көрсетті. Жұмыстың негізгі қорытындылары, анықталған бұзушылықтар және ағымдағы жылға арналған басымдықтар туралы Астана қаласының Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев айтып берді.
– Иманжүсіп Ләткенұлы, 2025 жылы бюджеттің атқарылуы қандай әлеуметтік-экономикалық үрдістер аясында жүзеге асырылды?
2025 жылы елорда экономикалық өсудің жоғары қарқынын сақтап қалды. Өңдеу өнеркәсібінде – 5,2%-ға, құрылыста – 32,7%-ға, инвестициялық белсенділікте – 21,3%-ға, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің санында – 10,1%-ға және басқа да көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсім байқалды. Астананың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 11,6 трлн теңгеге жетті (2025 жылдың 9 айының алдын ала деректері бойынша), бұл 2024 жылғы деңгейдің 111,5%-ын құрайды және елордаға Алматыдан кейінгі екінші орынды иеленуге мүмкіндік берді.
Қала экономикасы өсуді жалғастырып отырғанымен, оң серпін аясында елеулі сын-қатер сақталуда – инфляция деңгейі 112,8%-ды құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 2,7 пайыздық тармаққа жоғары болды. Азық-түлік тауарларының бағасы – 11,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 10%-ға және ақылы қызметтер – 15,4%-ға қымбаттады. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру деңгейіне теріс әсер етіп, тұтынушылық шығындар мен халықтың қарыз жүктемесінің артуына алып келеді. Біздің бағалауымыз бойынша, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру экономиканы дамытумен қатар азаматтардың табысын нығайтуға және бағаның өсуін тежеуге бағытталған кешенді шараларды талап етеді.
– Жалпы алғанда, есепті жылдағы бюджеттің негізгі параметрлерінің орындалуын қалай бағалайсыз және қандай негізгі проблемалық мәселелерді атап өтер едіңіз?
Жалпы алғанда, бюджеттің кіріс бөлігі жоспардан 1,9%-ға артық орындалды. Елорданың бюджетіне 1 трлн 777 млрд теңге түсті, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 25%-ға көп. Бұл ретте барлық түсімдердің шамамен 70%-ын қаланың меншікті кірістері құрады, олардың көлемі 14%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жетті.
Сонымен бірге, кіріс бөлігінде берешек көлемі сақталуда. Оның мөлшері 22,3 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 36%-ға өсті. Бұл салықтық әкімшілендірудің жеткіліксіз деңгейде екенін көрсетеді.
Бюджет шығыстары 99,3%-ға игерілді. Дегенмен, 12,5 млрд теңге игерілмей қалды. Бұған негізінен орындалған жұмыстар актілерінің болмауы және мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурстардың өтпеуі себеп болды.
Сонымен қатар, біз бюджеттің атқарылуын тек кассалық орындалу және қаражатты игеру көрсеткіштері бойынша ғана емес, сапалық параметрлер бойынша да бағалаймыз. Осы мақсатта Тексеру комиссиясы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есептеріне бағалау жүргізеді. Бұл есептерде тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу көзделген.
Сонымен бірге, жыл сайын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан көптеген бағдарламалар бойынша тікелей және түпкілікті көрсеткіштерді дұрыс жоспарламау фактілері анықталуда. Атап айтқанда, көрсеткіштердің түпкілікті нәтижелермен өзара байланысының болмауы, бөлінген бюджеттік қаражаттың толық игерілуімен сәйкессіздігі, сондай-ақ саланың дамуына әсер ететін түпкілікті нәтижелердің нақты өлшем бірліктерінің көрсетілмеуі орын алады.
Аталған фактілер түпкілікті көрсеткіштерге қол жеткізудің сапасын және олардың нақты бір саланың дамуына оң ықпалын толыққанды бағалауды қиындатады.
Осыған байланысты біз жергілікті атқарушы органдарға сапалы жоспарлауды күшейту, қаржыландыру көлемдерімен өзара байланысын ескере отырып түпкілікті нәтижелерді дұрыс қалыптастыру бойынша ұсынымдар береміз.
– Иманжүсіп Ләткенұлы, бюджеттің атқарылуын бағалау қорытындылары бойынша бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталған жағдайда Тексеру комиссиясының рәсімдік стандарттарында қандай ықпал ету шаралары көзделген?
Мемлекеттік аудит туралы заңға сәйкес, аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша біздің негізгі ден қою шарамыз – аудит объектісі үшін міндетті түрде орындалуға жататын нұсқама беру болып табылады. Алайда бюджеттің атқарылуы туралы бағалау қорытындылары бойынша, бұл аудиттік іс-шараға емес, талдамалық қызметке жататындықтан, біз тек ұсынымдар ғана бере аламыз. Соған қарамастан, есеп мәслихаттың шешімімен бекітілетіндіктен, біз бұл ұсынымдардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстаймыз және олардың орындалу барысы туралы жыл сайын депутаттарға есеп береміз.
Бұдан бөлек, бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп шеңберінде әкімдіктердің ұсынымдарды орындау жауапкершілігін күшейту мақсатында, 2025 жылғы 15 наурыздағы Бюджет кодексінің
44-бабына сәйкес, әкімдіктердің ішкі аудит қызметтеріне мемлекеттік аудит органдарының ұсынымдарының орындалуын бақылау және қабылданған шаралар туралы оларды хабардар ету жөнінде норма енгізілді.
Яғни бұл ұсынымдар жай ғана берілмейді. Менің ойымша, олардың негізгі мақсаты – жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік процестің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты әрі нәтижелі шаралар қабылдауына ықпал ету.
Жалпы алғанда, біздің ұсынымдарымыздың басым бөлігі іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанын атап өткім келеді. Өткен жылы берілген ұсынымдардың шамамен 90%-ы орындалды немесе олар бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
– Бюджеттің атқарылуын бағалау нәтижелеріне сүйене отырып, мемлекеттік аудиттің негізгі бағыттары қандай, қандай мәселелерге басымдық беріледі және қандай бұзушылықтар анықталуда?
2025 жылы тиімділік аудитіне ерекше назар аударылды. Өткізілген 11 аудиторлық іс-шараның басым бөлігі бюджеттік қаражатты пайдалану тиімділігін бағалауға бағытталды.
Бүгінде мемлекеттік аудиттің міндеті тек бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Сонымен қатар мемлекеттік ресурстардың қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын және қойылған мақсаттарға қол жеткізіліп жатқанын талдау маңызды. Сондықтан басымдық тиімділік аудитіне беріліп отыр.
Жалпы аудитпен 41 объектіде 219,6 млрд теңге көлеміндегі қаражат қамтылды. Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 145 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жартысы бюджеттік қаражат пен активтерді тиімсіз пайдалануға келеді – 72,2 млрд теңге немесе 50%; одан кейін қаржылық бұзушылықтар – 53,7 млрд теңге немесе 37% және тиімсіз жоспарлау – 19,1 млрд теңге немесе 13%.
Сонымен қатар, біз жыл сайын шоғырландырылған қаржылық есептілікке аудит жүргізетінімізді атап өткен жөн. Оның аясында бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық жағдайының есептілікте қаншалықты дұрыс көрсетілгеніне де баға беріледі.
Мәселен, 2025 жылғы жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне жүргізілген аудит нәтижесінде 199,9 млрд теңге көлемінде бұрмалаушылықтар анықталды. Олар қаржылық инвестициялардың толық көлемде көрсетілмеуімен, жарғылық капитал мөлшерлерінің дұрыс көрсетілмеуімен, негізгі құралдар мен аяқталмаған құрылыс объектілерінің есепте көрсетілмеуі немесе қате көрсетілуімен, сондай-ақ қаржылық есептіліктің уақтылы ұсынылмауымен байланысты болды.
– Бюджетке қаражатты қайтару динамикасы қандай және Тексеру комиссиясының нұсқамалары қаншалықты тиімді орындалады?
Жалпы алғанда, біздің бюджетке қаражатты өтеу жөніндегі нұсқамаларымыз аудит объектілері тарапынан толық көлемде орындалады.
Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде Тексеру комиссиясының нұсқамалары бойынша бюджетке нақты ақшалай түрде 6,5 млрд теңге қайтарылды. Негізінен бұл қаражаттар еңбекақы қорынан негізсіз төлемдер жасау, орындалған жұмыстар көлемінің дұрыстығын тиісті түрде растауды қамтамасыз етпеу және басқа да жағдайлармен байланысты.
Атап айтқанда, «Елорда даму» ЖШС-не жүргізілген аудит қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына бюджеттік инвестициялар шеңберінде бөлінген, пайдаланылмаған 1,2 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Тағы бір мысал ретінде мемлекеттік кірістер органдары тарапынан салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық әрі уақытылы түсуі 0,8 млрд теңге көлемінде қамтамасыз етілмеген.
Сонымен қатар, соңғы жылдары білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында жүргізілген аудиттердің қорытындысы бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтар, оның ішінде еңбекақыны негізсіз төлеу фактілері бойынша бюджет кірісіне 1,8 млрд теңге өтелді.
Яғни, нұсқамалардың орындалуы тұрақты бақылауда ұсталады, мониторинг жүргізіледі және тиісті шаралар уақтылы қабылданады.
– Сіздер анықтаған ең көрсеткішті бұзушылықтар қай салаларда орын алды?
Ең назар аударарлық мысалдардың қатарында спорт, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қолдау салалары мен жекелеген квазимемлекеттік ұйымдардың қызметіндегі бұзушылықтарды атауға болады.
Мәселен, спорт саласында аудиторлар спорт түрлерін саралау жүйесінің ескерілмеуіне байланысты шығыстарды тиімсіз жоспарлау фактілерін анықтады. Сонымен қатар, «Арғымақ» кәсіпорны ипподромның манеждері мен басқа да үй-жайларын арнайы есепке алмай және жалдау шарттарын жасаспай жеке тұлғаларға пайдалануға берген. Соның салдарынан 5,4 млрд теңге көлеміндегі активтер тиімсіз пайдаланылған.
Денсаулық сақтау ұйымдарында Медициналық сақтандыру қорымен жасалған шарттар бойынша қаржыландыру көлемі мен көрсетілген қызметтер көлемі арасында тікелей тәуелділіктің жоқтығы анықталды. Нәтижесінде аудит объектілері үшін 1,6 млрд теңге көлемінде жіберілген пайда қалыптасты. Сонымен қатар, елорданың ірі мамандандырылған стационарларының ұзаққа созылған қаржылық тұрақсыздығы байқалады. Бұл кредиторлық берешекті жабуға қажетті қаржының жетіспеушілігімен және тарифтердің төмендігімен байланысты.
Сондай-ақ «Елорда даму» ЖШС мен «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС қызметіне ерекше назар аударылды. Тексеру нәтижелері қаржылық-экономикалық негіздемелердің жеткілікті деңгейде пысықталмағанын және бірқатар объектілерді іске асыру барысында проблемалардың бар екенін көрсетті. Мысалы, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС тарапынан проблемалық объектілердің аяқталуын бақылаудың жеткіліксіздігі 4,6 млрд теңге көлеміндегі активтердің тиімсіз пайдаланылуына алып келді.
Мұндай жағдайлар бюджеттік инвестицияларды жоспарлау кезінде алдын ала талдау жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсетеді. Әрбір теңге тиімді жұмыс істеп, қала тұрғындары үшін нақты нәтиже беруі тиіс.
Бұдан бөлек, қаржы секторында да елеулі ескертулер анықталды. Аудит бюджетке түсетін түсімдерді болжау кезінде кемшіліктердің бар екенін, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың таза пайдасының бір бөлігін бюджетке аудару барысында бұзушылықтарға жол берілгенін көрсетті.
Білім беру саласында жүргізілген сараптамалық-талдамалық іс-шара шеңберінде психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсететін мамандар тапшылығы мәселесі анықталды. Әсіресе дефектологтар, логопедтер, сурдопедагогтар мен тифлопедагогтардың жетіспеушілігі айқын байқалады. Сонымен қатар, бөлінетін қаражат негізінен ұйымдарды ұстауға жұмсалып, түзету-дамыту жұмыстарын жетілдіруге және заманауи әдістемелерді енгізуге жеткілікті деңгейде бағытталмай отыр.
– Аудиторлық іс-шаралар барысында нормативтік-құқықтық актілердегі кемшіліктер анықтала ма және оларды жою бойынша қандай шаралар қабылдайсыздар? Бұл бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
Әрине, жұмыс барысында мұндай мәселелер кездеседі. Оларды шешу үшін біз заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою жөнінде тиісті орталық мемлекеттік органдарға ұсынымдар жолдаймыз.
Мәселен, 2025 жылы біз барлығы 34 ұсыным жолдадық. Олардың жартысы немесе 17 ұсыным орындалу үшін қабылданып, тиісті жұмысқа енгізілді. Қалғандары белгіленген мерзімдерге сәйкес қаралу үстінде.
Мысал ретінде, Туризм және спорт министрлігі қабылдаған ұсынымдарды атап өтуге болады. Атап айтқанда, дене шынықтыру-спорт ұйымдарының түрлері тізбесіне (спорт резервін даярлау мәселелері және ұлттық спорт түрлерінің тізбесін толықтыру бөлігінде) өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсынымдарымыз қолдау тапты.
Сонымен қатар, Қаржы министрлігі қаржылық есептілікті жасау және ұсыну қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсынымдарымызды қабылдады (мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша міндеттемелер құрамында жобалардың атауларын көрсету бөлігінде).
Бұл ұсынымдар бөлек бақылауға алынып, олардың орындалуы тұрақты түрде қадағаланады. Бұдан басқа, аталған жұмыстың нәтижелілігі Жоғары аудиторлық палата тарапынан тексеру комиссияларының қызметін жыл сайын бағалау барысында да ескеріледі.
– Мемлекеттік аудиторлардың кәсіби дамуы қалай қамтамасыз етіледі? Өйткені кадрлық әлеуетті нығайту мемлекеттік аудит жүйесінде маңызды рөл атқарады.
Біздің қызметіміздегі барлық жетістіктер ұжымның кәсіби деңгейі мен үйлесімді командалық жұмысының нәтижесі деп санаймын.
Тексеру комиссиясы кадрлық әлеуетті нығайтуға және сапалы кадрларды іріктеуге ерекше көңіл бөледі. Жыл сайын қызметкерлеріміз «Зерттеулер, талдау және есептілік орталығы» ЖШС-де, Жоғары аудиторлық палатада және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқудан өтеді. Тексеру комиссиясының 31 қызметкерінің 23-і мемлекеттік аудитор сертификатына ие, олардың ішінде 8-і – жоғары санатты аудиторлар.
Біздің аудиторлар Жоғары аудиторлық палатаның тексерулеріне тартылады, сондай-ақ бірлескен және қатар жүргізілетін аудиттерге қатысады.
Қызметкерлеріміздің жоғары кәсіби деңгейі олардың жоғары лауазымдарға тағайындалу нәтижелерімен де дәлелденеді. Соңғы жылдары Тексеру комиссиясының 6 қызметкері жоғары лауазымдарға тағайындалды, оның ішінде 1 қызметкер Жоғары аудиторлық палатаның департамент директоры болса, 3 қызметкер Ақтөбе, Жетісу және Түркістан облыстарының тексеру комиссияларының төрағалары болып тағайындалды, сондай-ақ 2 қызметкер Ақмола облысы мен Астана қаласының тексеру комиссияларының мүшелері болды.
Тексеру комиссиясының қызметкерлері Жоғары аудиторлық палата, қала әкімі және мәслихат тарапынан әрдайым назардан тыс қалмайды. Олар ведомстволық наградалармен, құрмет грамоталарымен және басқа да марапаттармен ынталандырылып отырады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл талаптарының және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларының сақталуы тұрақты негізде қамтамасыз етіледі. Тексеру комиссиясы қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасау фактілері тіркелген жоқ.
– Қорытындылай келе, аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша қабылданған шаралар мен алдағы жоспарларыңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
Өткізілген іс-шаралардың қорытындылары бойынша Тексеру комиссиясы 300-ден астам ұсыным мен тапсырма берді. Әкімшілік жауапкершілікке 177 лауазымды және заңды тұлға тартылып, оларға жалпы сомасы 51,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, 131 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Процессуалдық шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына 6 материал жолданды («Астана қаласының Спортты дамыту дирекциясы» КММ, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Астана қаласының Спорттық медициналық орталығы» МККК).
Сонымен бірге, аудиттің негізгі мақсаты жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және басқару жүйесін жетілдіру екенін тағы да атап өткім келеді.
Біз депутаттық корпуспен, әкімдікпен және барлық мүдделі мемлекеттік органдармен белсенді өзара іс-қимыл жасаймыз. Мәслихат депутаттары біздің отырыстарымызға белсенді қатысып, проблемалық мәселелерді, оларды шешу үшін қабылданып жатқан шараларды және жалпы бюджеттік процесті жетілдіру жолдарын бірлесіп талқылайды.
Тәжірибе көрсеткендей, бюджеттік процеске қатысушылардың барлығы тарапынан жауапкершілікті күшейту, қатаң бақылау және нақты іс-қимылдар арқылы ғана қаржылық тәртіп пен бюджеттің нәтижелі орындалуына қол жеткізуге болады. Біздің басты мақсатымыз – бюджеттік қаражатты пайдалану кезінде ашықтықты, тиімділікті және жауапкершілікті арттыру.
Ағымдағы жылы бұл жұмыс жалғасатын болады. Жалпы сомасы шамамен 400 млрд теңгені қамтитын 48 объектіде 13 аудиторлық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Негізгі назар мемлекеттік активтерді пайдалану тиімділігін бағалауға, тәуекелдерді басқаруға және қаржылық тәртіпті нығайтуға аударылады.
Сонымен қатар, елорда бюджетінің атқарылуын негізгі параметрлер бойынша ағымдағы және жылдық бағалау жұмыстары жалғастырылады.
Осы ретте, жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, 2028 жылдан бастап жергілікті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ұсынатын жергілікті бюджет жобасының шығыстарының негізгі бағыттарына алдын ала бағалау жүргізілетінін атап өткім келеді.
Яғни, Тексеру комиссиясының алдында тұрған міндеттер аз емес. Біз алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін бар білімімізді, тәжірибемізді және кәсіби әлеуетімізді жұмсап, бұл жұмыстарды табысты атқарамыз деп сенемін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/nur-rkastanagov/press/news/details/1245924?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау