Астанада экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының 14-ші отырысы өтті. Оның аясында алғашқы Қазақстан-Түрікменстан бизнес-форумы да ұйымдастырылды.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев пен Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Нокергулы Атагулыев төрағалық етті. Тараптар тату көршілік пен өзара сенім қағидаттарына негізделген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады
Соңғы бес жылда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда көлемі екі есеге артқан. Тауар айналымын одан әрі ұлғайту мақсатында тараптар өзара сауданы дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеуге, сауда үйлерін құру жұмыстарын жалғастыруға, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияны және екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланысты кеңейтуге келісті.
Экономикалық ынтымақтастықтың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде көлік-логистика саласындағы әріптестікке ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы бұл саладағы тұрақты оң динамиканы атап өтті: 2025 жылдың қорытындысы бойынша теміржол арқылы жүк тасымалы көлемі 8%-ға өсіп, 1,9 млн тоннаны құрады. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш 46%-ға артып, 1 млн тоннаға жетті. Сондай-ақ Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағыты бойынша тасымал көлемі 2,5 есеге ұлғайды.
Тараптар «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бағытын бірлесіп дамытуға, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге және теміржол, автомобиль, авиация және теңіз салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екендерін растады. Сонымен қатар Астана, Алматы және Ашхабат қалалары арасында тікелей әуе қатынасын қайта ашу мүмкіндіктері талқыланды.
Бұдан бөлек, тараптар мұнай-газ саласы, ауыл және су шаруашылығы, экология, құрылыс, телекоммуникациялар, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жастар саясаты, спорт және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын қарастырып, практикалық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.
Іс-шара аясында мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус және екі елдің бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен алғашқы Қазақстан-Түрікменстан бизнес-форумы өтті. Қатысушылар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы, даму институттары мен арнайы экономикалық аймақтар сияқты бизнесті қолдау құралдарын пайдалану маңыздылығы атап өтілді.
Комиссия отырысы мен бизнес-форум қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады. Бұл келісімдер стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, өзара тауар айналымын арттыруға және Қазақстан мен Түрікменстанның транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1247332?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау