Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жалағаш аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Әбшекен Сағадат Ақтерек сауықтыру лагерінде демалып жатқан жасөспірімдермен кездесу өткізді. Кездесу барысында полиция майоры балаларға жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін жан-жақты түсіндіріп, әсіресе суға түсу кезінде сақталуы тиіс талаптарға тоқталды. Ол балаларға тек арнайы белгіленген және рұқсат етілген орындарда ғана суға түсу қажеттігін, ересектердің қарауынсыз өзен-көлдерге баруға болмайтынын ескертті. Сонымен қатар, балаларға су айдындарында ойнау кезінде бір-бірін итермеу, терең жерлерге жақындамау, белгісіз су қоймаларына түспеу және қауіп төнген жағдайда дереу үлкендерге хабарлау керектігі айтылды. Кездесу барысында түрлі мысалдар келтіріліп, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және жазғы демалыс кезінде олардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Кездесу соңында балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Мұндай профилактикалық шаралар жасөспірімдердің қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға оң ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1246523?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау