Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындармен еркін форматтағы кездесудің екінші күнін Бекзат секторынан бастады.
Кездесу барысында сектордың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің жай-күйі мен алдағы жоспарлар таныстырылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Бекзат секторының жалпы аумағы 3360,7 гектарды құрайды. Мұнда 47 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Секторда 7400 тұрғын үй, 90 кәсіпкерлік нысан, 5 мектеп, 1 аурухана, 8 балабақша, 1 колледж, 5 мешіт және 8 дәріхана орналасқан.
Кездесуде инфрақұрылым саласындағы өзекті жобаларға тоқталған қала әкімі сектордағы 52 көшені қамтитын, ұзындығы 45,8 шақырым ауыз су желілерін қайта құру жобасы әзірленгенін атап өтті. Сонымен қатар, 723 жер телімін табиғи газ, ауыз су, электр және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылған.
Абаттандыру бағытында өткен жылы Т.Бәйтерекұлы көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер аулалары толық жаңартылып, Қазақбаев көшесі мен №18 мектеп аумағында спорт және балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілген. Биыл тұрғындардың сұранысына сәйкес Жандосов көшесі бойында жаңа спорт және ойын алаңшасының құрылысы басталды.
Жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сектор аумағында жалпы ұзындығы 132,1 шақырым болатын 141 көше бар. Қазіргі таңда оның 26,7 шақырымы асфальтталған. Алдағы жылы ұзындығы 35,1 шақырымды құрайтын 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде сектордағы асфальт жолдардың үлесі 46,7 пайызға дейін артады.
Сонымен қатар, ұзындығы 2,45 шақырым болатын О.Жандосов көшесін кеңейту жұмыстары аяқталды. Ал ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жобасы жалғасуда. Бүгінде нысанның 2,4 шақырымында асфальт төсеу, аяқжол және науа орнату жұмыстары жүргізілген. Жоба аясында көпір құрылысы мен газ құбырларын көшіру жұмыстары қатар атқарылуда.
Қоғамдық көлік саласында қала бойынша 22 бағытта күн сайын 239 автобус қатынайды. Оның ішінде «Жолаушы» ЖШС – 156 автобуспен 16 бағытқа, ал «ТехПрофАвто» ЖШС – 83 автобуспен 6 бағытқа қызмет көрсетуде.
Еркін форматтағы кездесу соңында қала әкімі тұрғындар көтерген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, барлық ұсыныс-пікірлер бақылауға алынатынын жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1247834?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау