Ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Ғайбатолла Сәрсек құқық қорғау саласына ширек ғасырдан астам ғұмырын арнаған ардақты азаматтардың бірі. Ол 1948 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында дүниеге келген. Әкесінің жолын жалғап, құқық қорғау қызметін өмірлік мұратына айналдырған Ғайбатолла Сәрсек 1970 жылы ішкі істер органдарына қызметке қабылданды. Еңбек жолын учаскелік инспектор қызметінен бастаған ол кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында қылмыстық іздестіру қызметкері, жедел жұмыс жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы сияқты жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Ғайбатолла Сәрсекұлының қызмет жолы көптеген күрделі қылмыстардың ашылуымен және қауіпті қылмыскерлердің құрықталуымен ерекшеленеді. Оның ерлігі айқын көрінген оқиғалардың бірі 1990 жылы орын алды. Қарулы қылмыстық топты ұстау кезінде қылмыскерлер полиция қызметкерлеріне қарулы қарсылық көрсетіп, оқ жаудырған. Жедел топқа жетекшілік еткен Ғайбатолла Сәрсекұлы мен оның әріптестері ауыр жарақат алғандарына қарамастан, операцияны сәтті аяқтап, қылмыскерлерді залалсыздандырды. Осы жанқиярлық ерлігі үшін Ғайбатолла Сәрсекұлы Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Ал арнайы операцияға қатысқан өзге де қызметкерлер мемлекеттік наградаларға ие болды. Ауыр жарақаттан кейін ұзақ уақыт ем қабылдағанына қарамастан, ол қайтадан қызмет сапына оралып, 1993 жылға дейін қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал еңбек етті. Бүгінде полиция ардагері жас буынға тәлім-тәрбие беріп, өмірлік және кәсіби тәжірибесімен бөлісіп келеді. Оның өнегелі өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, кәсібилік пен ерліктің, табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1245550?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау