Осындай маңызды жобалардың бірі бүгінде Шу ауданында да табысты жұмысын жүргізіп келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қуаттылығы 100 мегаватт болатын «ШУ-100 МВт» күн электр стансасы француздық «Total Eren» компаниясының бастамасымен іске асырылған. Компанияның Қазақстандағы өкілі әрі «M-Kat Green» ЖШС бас директоры Илья Чернодаровтың айтуынша, стансада орнатылған күн панельдері кемінде 25 жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетуге қабілетті.
– Біздің бұл жобаны дәл осы Шу ауданы аумағында орналастыруымыздың екі бірдей себебі бар. Оның алғашқысы – ауданның күн сәулесі белсенділігі жоғары аймақтардың қатарына жатуында болса, екіншісі – мұнда «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының соғылуы. Әлбетте, 500 гектардан аса жерді алып жатқан арнайы экономикалық аймақ толық қуатында жұмыс істегенде электр энергиясына деген тапшылық әжептәуір сезілетін болады. Сондықтан бұл жоба біз үшін де, экономикалық аймақ үшін де өте тиімді болып отыр, – дейді ол.
Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 60 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын бұрын Жуалы ауданындағы күн электр стансаларын салған «METKA-EGN.KZ» компаниясы жүзеге асырған. Нысан толық қуатында жұмыс істеген жағдайда облыстағы электр тапшылығы едәуір азаяды деп күтілуде.
Кәсіпорында тұрақты негізде жұмыс істейтін мамандардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар болады. Сонымен қатар инвесторлар оларды арнайы оқытып, кәсіби біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр. Экологиялық тұрғыдан алғанда да станса қауіпсіз саналады, өйткені энергия өндіру барысында атмосфераға зиянды қалдықтар шығарылмайды. Өндірілген электр қуаты «KEGOK» ұлттық электр желісі арқылы елдің ортақ энергетикалық жүйесіне беріледі.
Шу ауданында жаңартылатын энергия көздері бағытындағы жобалар мұнымен шектелмейді. 2013 жылы Тасөткел су қоймасы маңында «Компания АТ-Энерго» ЖШС су электр стансасын іске қосқан болатын. Қазіргі таңда кәсіпорын қуаты 2,2 мегаватт болатын алғашқы нысанмен қатар, екінші су электр стансасының жобасын да жүзеге асырып отыр. Қолданыстағы станса өндірген электр энергиясы Қордай және Тұрар Рысқұлов аудандарының тұрғындарын қамтамасыз етсе, жаңа нысан өндірген қуат республикалық желіге бағытталмақ.
Компания басшысы Саид Ахаевтың айтуынша, алдағы уақытта үшінші су электр стансасының құрылысын бастау жоспарда бар. Сонымен бірге Шоқпар ауылдық округінде қуаттылығы тәулігіне 110 мегаваттқа дейін жететін жел электр стансасын салу көзделуде.
Жобаның жетекшісі саналатын «WINDHAN» ЖШС бүгінгі таңда тарифтеу мен қаржыландыруға қатысты мәселелер түбегейлі шешімін тапса, артынша құрылыс жұмыстары бірден басталатынын айтып отыр. Жобалық құны 71 миллиард 500 миллион теңгеден асатын станса өз жұмысын бастағанда шамамен 10 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігі шалғайдағы Шоқпар ауылдық округінен 155,8 гектар жер телімін бөліп беріпті. Жоғарыда аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары артады. Бұның бәрі аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.
Президентіміздің 2050 жылға қарай қазақстандықтар тұтынатын электр энергиясының жартысын баламалы жолмен өндіру қажеттігін айтқан болатын. Аталмыш бастамаға қолдау білдіруде облыс аумағында нәтижелі жұмыст ардың жүргізіліп жатқанын бір ғана аудандағы жұмыстардан-ақ байқауға болатын сыңайлы. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыс орталығындағы тұрғындар сағатына 50-60 мегаватт электр қуатын тұтынса, облысымызға қарасты аудандар шамамен сағатына 90 мегаватт электр қуатын тұтынатын көрінеді. Бұл бір ғана Жамбыл облысындағы статистика. Алдағы уақытта Шу ауданындағы күн электр және су электр стансасының екінші жобасы жүзеге асқанда еліміздегі электр қуатына деген қажеттілік біршама азаяды деуге әбден болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1247614?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау