Мемлекеттік қызметті таңдаған әрбір маман халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналып, елдің дамуына өз үлесін қосады. Осындай өз ісіне адал, қызметіне жауапкершілікпен қарайтын мамандардың бірі – Ерғалиева Дамира Тұрғалиқызы.
Дамира Тұрғалиқызы Сырым ауданының Коминтерн ауылында дүниеге келген. Бала күнінен еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өскен ол 1993 жылы Көздіғара орта мектебінің табалдырығын аттады. Кейін отбасылық жағдайға байланысты Жымпиты ауылындағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепке ауысып, 2004 жылы мектепті ойдағыдай тәмамдады.
Білімге ұмтылған жас қыз 2006-2009 жылдары Орал қаласындағы Экономика және ақпараттық технологиялар колледжінде оқып, экономист-бухгалтер мамандығын игерді. Кейін кәсіби білімін жетілдіру мақсатында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін тәмамдап, экономист мамандығын алды.
Еңбек жолын 2005 жылы Сырым аудандық ауруханасында іс жүргізуші болып бастаған Дамира Тұрғалиқызы қызметтің әр сатысынан өтіп, тәжірибе жинақтады. 2007-2014 жылдары аудан әкімі аппаратының қабылдау бөлмесінде инспектор болып еңбек етті. Бұл кезең оның адамдармен жұмыс істеу қабілетін шыңдап, жауапкершілігін арттырды.
Кейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде статист қызметін атқарған ол 2018 жылдан бастап Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде еңбек етіп келеді. Алғашында жетекші маман-есепші болса, 2020 жылдан бері осы бөлімнің бас маман-есепшісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Әріптестері Дамира Тұрғалиқызын өз ісіне мұқият, жауапкершілігі жоғары маман ретінде бағалайды. Ол қандай тапсырма жүктелсе де, сапалы орындауға тырысады. Күнделікті қарбалас жұмыс арасында да айналасына жылы жүзін сыйлап, ұжымда позитивті қалыптастыра білетін жан.
Алайда оның өмір жолының ерекшелігі тек кәсіби жетістіктерімен өлшенбейді. Дамира Тұрғалиқызы – екі ұлдың анасы. Ол тағдырдың түрлі сынақтарына мойымай, ерекше бала тәрбиелеп отырған қайсар ана ретінде де көпшілікке үлгі.
Дамираның еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы отбасынан дарыған қасиет десек артық емес. Әкесі Тұрғали Ерғалиев — ұзақ жылдар аудандық статистика саласында мемлекеттік қызметші болып еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан ардагер. Анасы Гүлжиан Карина Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып ұзақ жылдар еңбек етті. Ал бауырлары бүгінде ауданның әртүрлі саласында еңбек етіп, туған өлкенің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр.
Мемлекеттік қызмет – көзге көп көріне бермейтін, бірақ қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын маңызды еңбек. Осындай жауапты міндетті адал атқарып жүрген Дамира Тұрғалиқызы секілді мамандар мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, ел сенімін ақтап келеді.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1245764?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау